Облыстық ардагерлер кеңесі қарттарға әлеуметтік және моральдық қолдау көрсету мақсатында түрлі салада еңбек еткен бір топ ардагерлердің үйіне барып, қазақы үрдіспен иықтарына шапан жауып, батасын алды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев бастаған азаматтар алдымен теміржол саласының ардагері, сексеннің сеңгіріне шыққан Асқар Тілеуқабыловтың үйіне барды. Өмірде көргені мен көңілге түйгені көп ақсақалды қария оларды жылы жүзбен қарсы алды. Емен-жарқын әңгіме өрбіген соң, сексеннен асса да әлі де бильярдтан қол үзбегінін айтқан ақсақал көңілді бір көтеріп тастады.
Мұнан соң тоқсанның төріне аяқ басқан, темір жол саласында лауазымды қызмет атқарған Пазылбек Орынбасаровқа барды. Ол өз өмірі жайлы сыр шертіп, ақ батасын арнап, ел тыныштығын тіледі.
Одан кейін облыстық «Сыр бойы» газетінде ұзақ жыл қызмет атқарған, ардагер журналист Рысты Бекбергеноваға, Жаппасбай Есжановқа және 40 жылдай аталған басылымда бас есепші болған Дүйсенкүл Алпысбайқызына барып, ақжарма лебіздерін тыңдады. Келген азаматтарға шексіз алғысын білдірген ардагерлер қуанышқа бөленді.
Іс-шара соңында Тасбөгет кенті әкімдігінде коммуналдық шаруашылық саласының ардагері Олжабай Тобағабыловты 75 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Ол кісінің өнегелі өмір жолы баяндалып, облыстық ардагерлер кеңесі атынан мерейтой иесінің иығына шапан жауып, Қызылорда облысының «Құрметті ардагері» медалі табысталды.
Тасбөгет кенті әкімінің міндетін атқарушы Жаппасбай Байқадамов облыстық ардагерлер кеңесі ұйымына өз алғысын білдірді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<