Облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген кезекті алқа мәжілісі өтті. Оған облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов, Шиелі, Қармақшы аудандық және Байқоңыр қалалық ардагерлер кеңесінің, тұрақты комиссиялардың төрағалары, ардагерлер қозғалысының белсенділері қатысты.
Мәжілісте Ш.Байманов ардагерлерге тұрақты түрде қолдау көрсетілетінін айтып, алқа жұмысына сәттілік тіледі.
– Бізде ұрпақтар сабақтастығы берік орныққан. Үлкен істі бастарда ардақты ақсақалдың батасын алуды жөн көретін халықпыз. Себебі, тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы – бізге өнеге. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен халыққа адал қызмет етуге жұмсаған сіздер сабыр, қарапайымдылық пен мейірімділік, еңбексүйгіштік, Отанға, отбасына деген адалдықтың үлгісі болып келесіздер. Бүгін сіздердің ақ баталарыңызды алудың сәті түсті. Алдағы уақытта әрбір істің сыншысы болар өздеріңізбен ақылдаса отырып, күнделікті жұмыстарды бірге атқарамыз деп сенемін, – деді.
Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, алқа мәжілісінің модераторы Серік Дүйсенбаев кадрлық өзгерістермен таныстырды. Алқа мүшесі Ержан Уәйістің Дүниежүзі қазақтары құрылтайының Түркиядағы өкілі қызметіне ауысуына байланысты, оның орнына Бақыт Нұртазаевтың кандидатурасы пленумға бекітуге ұсынылды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайыл жыл басынан атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы хабарлама жасады.
– Бүгінгі таңда аудандық бастауыш ұйымдарында 6340 ардагер бар. Олар аудан, ауыл, мекеме деңгейіндегі 47 бастауыш ұйымға біріктірілген. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері Сәрсенбек Байжанов ағамыз биыл 99 жасқа толды. Ардагерлер – асыл қазынамыз. Үлкенге құрмет, кішіге ізет ете білген, тағылымды жол көрсеткен аға ұрпақтың берген тәрбиесі мен тәлімі мол. Ақыл-кеңестің, үлгі-өнегенің сарқылмас көзіндей болған қарттарымыз, ақсақалдарымыз барда шырағымыз ешқашан сөнбейді. Ауданның қоғамдық өміріне араласып, ел экономикасының дамуына үлес қосып келетін ардагерлеріміз қаншама?!– деді ол.
Алқада облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мақсұт Баекеев тұрақты комиссиялардың мақсат-міндеттерімен таныстырды.
Жиын барысында ардагерлер бірлігін сақтау, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жүйелік құрылымдарын жетілдіру, олардың бірлігін арттыру, қоғамдық-саяси шараларға қатысуын қамтамасыз ету жайы сөз болды. Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері аумақтық ардагерлер кеңестеріне тәлімгерлікке бекітілді. Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша бірқатар қаулы қабылданды.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





