Ардагерлерге құрмет көрсетті

721

0

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ. Аймақта осындай қазыналы қарттарымыздың қатары қалың. Солардың бірі – Тасбөгет кентінің тұрғыны Қалилдин Достыбаев ақсақал. Өнегелі ғұмыр кешкен 82 жастағы зейнеткерді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев құттықтап барып, еңбекпен есейіп, алғыспен көркейген қарияның кеудесіне «Облыстың құрметті ардагері» медалін тақты.

«Сіз шаруашылықтарда еңбек етіп, өңірдің дамуына үлесіңізді қостыңыз. Тасбөгет кентінің көркеюіне де атсалыстыңыз. Бүгінгі күні жастарға өрнекті өнеге мен кемел үлгі көрсетіп отырсыз» деді ұйым төрағасы. Өз кезегінде Қалилдин қарт көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

Жыл сайын қараша айының үшінші аптасында Халықаралық зағиптар күні аталып өтетіні белгілі. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов осы атаулы күнде облыстық соқырлар қоғамына барып, қоғам мүшелерімен кездесті.

Ө.Шәменов олардың жұрт қатарлы өмір ағымынан қалмай, облыстың дамуына үлес қосқандарын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, биыл облыстық ардагерлер кеңесі қозғалысына 35 жыл толып отырғанынан хабардар етіп, ізгі тілегін білдірді. Өндірістік кәсіпорын цехында ұзақ жыл еңбек еткен зейнеткерлер Несіпкүл Нарботаева мен Написе Дәрібайды, сонымен қатар, зейнетке енді шығып жатқан Бибігүл Келесбаеваны атаулы күнімен құттықтап, құрмет көрсетті.

Кездесу соңында 88 жастағы еңбек ардагері Несіпкүл Нарботаева еңбек адамына құрмет көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесіне алғысын айтып, елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Өмірбек Шәменов «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі, ұзақ жылдар бойы «Сельстрой» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істеген еңбек ардагері Бағдат Төлегеновтің үйіне арнайы барып, сый-құрмет көрсетті. Ал аталған қоғамның төрағасы Сәбит Әбішов науқастанып қалған зейнеткерге ұйым атынан ем-дом алуына көмектесетінін жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<