Ардақты азаматқа құрмет

178

0

Қызылорда қаласындағы «Локомотив» стадионында футболдан 2013-2014 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында ішкі істер саласының ардагері Мейірбек Досымовты еске алуға арналған облыстық ашық турнир өтті. Оған облыс орталығы мен бірқатар ауданнан 10 команда қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс­тық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жі­гер Айекешов жас өрендерге сәттілік тіле­ді. Сондай-ақ әріптестері, достары және туыс­тары ардақты азамат жөнінде естелік әңгімесін айтты.

– Мейірбек саналы ғұмырында құқық қорғау саласында жемісті еңбек етті. 1980 жылы Алматы қаласында политехникалық институттың тау-кен факультетін бітірген­нен кейін аздаған уақыт мамандығы бо­йын­ша еңбек етті. Содан кейін құқық қор­ғау саласына ауысып, ұзақ уақыт бойы қо­ғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша халыққа қалтқысыз қызмет етті. Ол өзінің өмір жолында жастарға үлгі боларлық істер атқарды, ағайын-туыс пен әріптестері арасында зор абыройға кенелді. Сондықтан ардақты азаматтың жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді деуге толық негіз бар. Оның футболға қызығушылығы бар еді, – дейді досы Мақсұт Жайсаңбаев.

Турнир барысында №6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өрендері жеңімпаз атанды. Ал Шиелі ауданынан келген команда екінші орынға тұрақтаса, Қызылорда қаласындағы «Наман ата» спорт клубының ойыншылары үздік үштік­ке тұрақтады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<