Аудан ардагерлері арасында дәстүрлі балық аулау жарысы өтті.
Ардагерлер арасындағы дүбірлі дода аудан әкімі Асқарбек Есжанов қазыналы қарттарымызға сәттілік тілеп, өмір жолында адал қызмет еткен зейнеткерлеріміздің аудан үшін атқарған еңбегі зор екенін жеткізді.
– Қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесі ауданда өтетін маңызды іс шаралардың барлығына қатысып келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен ардагерлер арасында шахмат, дойбы тағы басқа спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, Қорқыт баба кесенесіне саяхаттап қайтты. Мұның өзі біздің ағаларымыз бен әкелеріміздің белсенділігін көрсетсе керек. Мен сіздердің әрдайым осылай белсенді әрекетте болғандарыңызды қалаймын, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Ауданымызда қазіргі таңда төрт мыңға жуық зейнеткер бар. Олар 79 бастауыш ұйымда есепте тұрады. Олардың барлығы да өздеріне қамқор болар мекемелер мен ұйымдарға бекітілген. Ауданда бастауыш ардагерлер ұйымына тартылмаған бірде бір зейнеткер жоқ. Барлық ардагерлер ұйымдарының жұмыс істеуіне, өз міндеттерін атқаруы үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Сайыстың қорытындысы бойынша Аққыр ауылынан келген 79 жастағы Үсен Шандыбаев жүлделі бірінші орынды иеленді.
– Ес білгелі қармақ салу ең жақсы көретін ісім. Қазірдің өзінде өзімнің ауди селедкама (ақсақал есегін солай атайды екен) мініп алып Аққырдың каллекторынан аулаймын. Балық аулаудың денсаулығыма пайдасы зор. Соңғы уақытта велосипед теуіп барып жүрмін. Соның арқасында аяғым ауырмайды, денсаулығым жақсы, – деді Үсен ақсақал.
Бүгінгі балық аулау сайысы тек жарыс ретінде емес, ардагерлеріміздің өскелең ұрпақ алдындағы бірлігі дара жолын көрсетер тағылымды шара ретінде маңызы зор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<