Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Елорда – ел жүрегі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті. Шараның мақсаты – ел астанасының өсуі мен өркендеуін тағы бір саралап, оның маңызын айшықтау. Конференцияға университет ғалымдары, профессор-оқытушылары мен білім алушылар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада алғаш сөз алған «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Серікұлы «Астаналардың тарихи миссиясы» тақырыбында баяндама жасады.
– Астанамыз ЮНЕСКО-ның арнайы «Бейбітсүйгіш қала» деген бағасына ие болды, әлемдік диалог алаңы ретінде қалыптасты. 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, 2011 жылы Қысқы Азия ойындары, 2017 жылы EXPО халықаралық көрмесі өткізілді. Дәстүрлі діндер мен конфессиялар көшбасшыларының съезі тұрақты түрде өткізіліп, Сирия дағдарысы бойынша «Астана процесі» атауымен бітімгершілік алаң ретінде қызмет етті. Президентіміз Қ.Тоқаев: «Былтыр мен астана авторының елорданы салып, дамытуға қосқан орасан зор үлесін әділ бағалай отырып, қалаға Нұр-Сұлтан атауын беру туралы шешім қабылдадым. Дұрыс шешім болғанына еш күмән жоқ. Бұл қадам Қазақстанның жаңа тарихы мен Елбасы есімінің біртұтас ұғымға айналғанын білдіреді» деп өте орынды атап өтті.
– Нұр-Сұлтан қаласы – әрбір қазақстандықтың арман-тілегінің нақты жүзеге асуының белгісіндей. Бұл – Ұлы Дала елі көгінде жүздеген жылдар бойы бостандық пен тәуелсіздік идеясы қалықтап жүрген ата-бабаларымыздың асыл мұратының орындалғаны. Бүгінде мыңдаған жылдар бойы уақыт керуенімен бірге тыныстаған Қазақстанның ұлан-ғайыр даласында мемлекеттік шешімдер мен әлемдік бейбітшілік бастамалары қабылданып, жүзеге асырылуда,– деді баяндамашы.
Келесі кезекте техника ғылымдарының кандидаты, сәулет және құрылыс өндірісі кафедрасының доценті Нұрлыбек Келмағамбетов «Елорда – әлемнің сегізінші кереметі» тақырыбында сөз өрбітті. Ол бас қаланың құрылысы әлемдік архитектуралық ақыл-ойдың тәжірибе алаңына айналғанын тілге тиек етті.
– Көкжиекпен көмкерілген жазира далада аспанмен таласқан ғимараттар сән жарастырып, сәулет өнерінің салтанатын асырды. Астаналық архитектуралық ансамбльде шығыс сәулет өнерінің жауһарлары мен батыс сәулетшілерінің батыл идеялары жарқырай көрініс тапты. Қаланың бас жоспарын жапондық сәулетші Кисё Курокава жасаса, Астананың архитектуралық айбынын айшықтаған «Бейбітшілік пен келісім сарайы» мен «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы – атақты ағылшын архитекторы Норман Фостердің шығармашылық ізденісінің жемісі, ал шаһардың сәулет және мәдени өмірінің сәнін асырған киноконцерт залы – италиялық сәулетші Манфреди Николеттидің қолтаңбасы.
Келешегі – кемел, ертеңі – нұрлы Қазақстан мемлекетінің әлемдік аренадағы абыройы, бағы – Нұр-Сұлтан қаласы. Біздің еңселі Елорда – ғасырдың ғаламаты, Әлемнің сегізінші кереметі, – деп түйіндеді.
Конференцияны қорытындылаған университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуда мұндай кездесулердің маңызы зор екенін айтып, Елорда күнімен құттықтады.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





