Қоғамдағы ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтенуіне, олардың қабілетін дамытуға және өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне үлес қосып жүрген Айман Тұрбаева жетекшілік ететін «Көкжиек» қоғамдық қоры деп атап айтсақ болады.
Қор 2004 жылы ашылып, 21 жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы мүгедек балалар және олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, көптеген жобаны жүзеге асырып келеді.
Қоғамдық қордың ұйымдастыруымен өткізілген жобаларға тоқталатын болсақ, мүгедек балалар арасында қолөнер үйірмелері, «Марламқаш» мүмкіндігі шектеулі балалардың фестивалі, «Вместе учимся жить и любить» және «Мүгедек балалардың жазғы демалысындағы бос уақытын тиімді пайдалану» жобалары, спорттық, зияткерлік, т.б. сайыстар, психологиялық тренингтер үздік жобалар қатарына енді. Сондай-ақ демеушілерді тарта отырып, жыл сайын жаңажылдық «Шырша кеші», Балалар күніне орай сурет салу сайыстары, «Мектепке жол» акциялары ұйымдастырылып келеді.
Қордың бастамасымен жүзеге асырылған жобалар мүмкіндігі шектеулі балалардың ойы мен қабілетін жан-жақты дамытып, олардың ел қатарлы ортада білім алып, қалаған оқу орындарына түсуіне себеп болды. Олар «Ботақан», «Жұлдыздай», қолөнер конкурстарына қатысып, жеңімпаз атанды, яғни өмірге деген көзқарасы өзгеріп, оқуларын аяқтап, жұмысқа орналасты. Сондай-ақ қоғамдық қордың қолдауымен мүгедек балалар демалыс орындары мен сауықтыру орталықтарына және Астана қаласына саяхатқа жіберілді.
«Көкжиек» қоғамдық қорының мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы бастамаларына сәттілік тілейміз. Жаңа жобалар мен игі істеріңіз қоғамның дамуына пайдасын тигізіп, қолдау тауып, кеңейе берсін! Қайырымдылық пен мейірімділік жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, ал балаларға жарқын болашақ тілейміз!
Облыстық үкіметтік емес ұйымдарға арналған
ресурстық орталығы





