Арманның асқарына құлаш ұрсам…

170

0

Әке – отбасының тірегі, әрбір жанның үлгі тұтар тұлғасы, отбасының қорғаны, құрмет пен берекенің бастауы. Өткен жылдан бастап мерекелік күндердің тізбесіне маусым айының үшінші жексенбісі – «Әкелер күні» болып енгізілді. Бұл атаулы күннің мақсаты – отбасылық құндылықтарды ілгерілету, отбасы институтын нығайту, әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру.

Осыған орай, Сыр өңірінде «Әке – отбасы тірегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, аймақтағы үлгілі отбасы иелері, көпбалалы әкелер, «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпаздары, меценаттар, еріктілер, ардагерлер, зиялы қауым, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.

Сондай-ақ республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айтмағанбет Мақсұтбек, аталған ұйымның Астана филиалының директоры Бекдайыр Нығметұлы, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Гаухар Тасбергенова және ақын, жазушы, «Абай жолы», «Ахмет», «Ұлт ұстазы», «Міржақып», «Оян қазақ!» сериалдарының сценарисі, «Дайағашшы» және өзге де кітаптардың авторы Ұларбек Нұрғалымұлы арнайы қонақ ретінде шақыртылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов форум қатысушыларына аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Отбасы құндылықтарын насихаттау, әкелер институтының рөлін нығайту, анаға құрмет көрсету, балаларды рухани-мәдени тәрбиелеу, білімге ынталандыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдан бастап аймақта «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығы» құрылып, Әкелер одағы облыстық филиалының жұмысы қарқынды жүруде.

Осы уақыт ішінде Тәрбие орталығы мен Әкелер одағы облыстық деңгейде форум, семинарлар, кездесулер өткізді. Ата-аналарды педагогикалық қолдау мақсатында «Әкелер мектебінің» құрамындағы азаматтардың қатысуымен дәріс ұйымдастырылып, оларға 50 мыңға жуық адам қатысты. Бұл бастамаға қызығушылар саны күн өткен сайын артуда.

Форумға қатысушылар арнайы тақырыптар бойынша өз пікірлерін ортаға салып, әкелердің қоғамдағы және отбасындағы алатын орны мен рөлі туралы ұсыныстарын айтты.

Жиында елімізде орын алған су тасқыны салдарын жою мен алдын алуға атсалысқан елжанды азаматтар, еңбек адамдары, отбасында ғылыми, спорттық, мәдени, шығармашылық жетістіктерге жеткен балаларды тәрбиелеген әкелер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<