Арманы асқақ «Арман»

2294

0

С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған «Арман» инклюзивті театрының жазушы Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» спектаклінің желісімен сахналаған қойылымы көрерменге жол тартты. Қойылым режиссері – Әзиза Іздіқұлова.

Жас таланттар ойынында адамдардың арақатынасы, ортамен араласуы бәрі-бәрі жіпке тізгендей көрініс тапты.

Өз алдына отау тігіп, шаңырақ құрған Ережеп пен Әлима ауыл азаматы Жақанға балдызы Күләнді қоспаққа ниетті. Ондағы ойы балалары оқу бітіріп келсе, Жақан арқылы жұмысқа тұруы жеңілдейді. Өз мүддесі үшін өзгенің бақытына бей-жай қарайды. Қойылым қоғамның сан саласындағы көрініс арқылы көпшілікке ой салды.

Жас буынның театрға қызығушылығы артуының сыры осындай шынайылығында болса керек. Кейіпкерлердің эмоциясы еш бояусыз, сонысымен көрерменді еріксіз баурады.

– Спектакль комедия болғандықтан, сахнаға әзірлеуде барлығына мән беріледі. Жылына екі спектакль қоюды мақсат тұтамыз. Бұл – біз үшін үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта жаңа театрымыздың материалдық базасын кеңейтіп, аудандарға шығуға ниеттіміз. Актерлеріміз өте ынталы. Өздеріне міндеттелген рөлді аса жауапкершілікпен алып шығады. «Арман» театрының арманы асқақ, – дейді қойылым режиссері.

Айта кетейік, инклюзивті театр өткен жылы «Арман» үйірмесі болып ашылып, алғаш «Қолымнан ұста» спектаклін сахналады. Қазір мұнда 8 мүгедектігі бар азамат жұмыс жасауда.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<