Білімге құштар жасты көргенде қуанып қаламыз. Аядай ауылдан шыққан дарындылардың бірі – Аружан Бәкір.
Ол – Жаңақорған ауданының тумасы. Қарапайым, тәрбиелі отбасынан шыққан. Үйдегі бес баланың төртіншісі. Әкесі Шәкірат Зиятов пен анасы Нұргүл Мырзабаева – үй шаруасындағы жандар.
Аружан «Кейден» ауылындағы №208 қазақ орта мектебін «Алтын белгімен» бітірген. ҰБТ-дан жоғары балл жинап, әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті атанды. Алғыр қыз қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысты, оқуын үздік аяқтады. Өткен жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне «Математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша магистратураға грантқа түсті. Оқудың алғашқы жылында Түркияның Стамбул қаласына магистратуралық тәжірибемен екі аптаға барып, білімін шыңдап қайтты. Талапты жас мұнымен тоқтап қалмады. Бірінші курстың соңында халықаралық конкурстық бағдарлама жайлы естіп, қатысуға бекінді. Ол Словакия мемлекетінің ұлттық стипендиялық бағдарламасы (National Scholarship Program of Slovak Republic) еді.
Аружанға алдымен ата-анасы қолдау білдіріп, сенім артты. Конкурсқа өтініш қалдыру процесі күрделірек болып, 2 ай қорытындыны күтті. Биыл маусым айының соңына қарай конкурстың жауабы шықты. Грант иегерлері тізімінен өзінің атын көріп, қуанышында шек болмады. Осылайша ол академиялық ұтқырлық аясында грант жеңіп алды.
– Бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Сырт елде білім алып, тәжірибе алмасу – керемет мүмкіндік. Осы конкурс жайлы естігенде, өтетініме сенімді болдым. Бақ сынап, өттім. Қуанышты жаңалықты естігенде алдымен ата-анама телефон соғып, сүйінші сұрадым. Ол кісілер ақ батасын берді.
Жол дайындығына кіріскенде біршама қиындық туды. Алдымен Еуропаға визаға өтініш қалдырдым. Тамыз айында Астана қаласындағы елшілікке шақырту алдым. Кейін визаға келісім берілді. Қыркүйек айының басында Словакияға келдім. Бұл жақтан да тәжірибе, жаңа ақпараттар жинап, білімімді арттырамын деген үміттемін, – деді ол.
Жалпы бағдарлама аясында дүниежүзінен 190 студент грант ұтып алған. Оның ішінде 6 қазақстандық студент бар, еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарының озаттары, бәрі де білімді.
Аружан бес тілде еркін сөйлейді. Қазір словак тілін үйреніп жүр.
– Словакиядағы университетте математика пәні бойынша оқуымды жалғастырудамын. Бұл жақта 6 ай боламыз, толық бір семестр. Барлық сабақ ағылшын тілінде, аптасына 4 күн. Содан кейінгі уақытты әзірге қала аралауға арнап жүрміз. Университет жатақханасынан орын берілді. Жатақхана, ұшу билеттері және ай сайынғы стипендиямен Словакияның ұлттық стипендиялық бағдарламасы қамтамасыз етеді, –дейді ол.
Аружанның алдына қойған арманы асқақ. Ол оқуын аяқтаса, өзге жас мамандар секілді қалаға асықпайды. Дипломын қолына алса, ауыл мектебіне жұмысқа орналасып, шәкірттерге сабақ бермек. Бұл ойына іштей қуанып қалдық. Болашақта оның білікті маман болатынына сенім мол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<