Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі. Қазақтың салт – дәстүрін насихаттау мақсатында Ұлы мерекеге орай Қызылорда облысының Полиция департаментінде «Армысың – әз Наурыз!» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.
«Динамо» спорт кешенінде өткен шара барысында мейрам аясында байырғы дәстүрлерді ұлықтау мен оларды жаңа заманның мәдени үдерісімен сабақтастыру барысында оның жалпы адамзаттық ізгілікті мұраттарын көрсетіп, қайырымдылық сипатын түсіндіруге айрықша мән берілді.
Мерекелік шараны салтанатты түрде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Арнайы және жұмылдыру басқарма бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сейтов Дәулет пен «Динамо» спорт кешенінің өкілі Асқаров Алмас ашып, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады.
Бүгінгі мерекелік шараға қызметкерлерден құралған 6 команда қатысты. Олар «Ләңгі тебу», «Арқан тартыс», » Қол күрес» және » Гір (гири) көтеруден» сайысты. Сондай – ақ сайысқа қатысушылардың тарапынан ұлттық киімдердің жарасымдылығы, ұлттық ойындар мен салттардың көрсетілуі бойынша да деңгейлері бағаланды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылған байқау тартысты өтті. Қазылар алқасының шешімімен «Ләңгі тебу» сайысы бойынша I орынды «Қыран» тобы иеленсе, II орынды «Тұлпар», ал III орынды «Барыс» командасы жеңіп алды. «Арқан тартыс» сайысында I орынды өжеттілік көрсеткен «Тұлпар» бірлестігі қанжығасына байласа, II орынды «Қыран», III орынды «Бірлік» құрама командасы иеледі. Командалық сайыстардан бөлек жеке жарыстар да өткізілді. » Қол күрестен» жүлделі I орынға Савлябеков Бауыржан, II орынға Мұханов Болатхан, III орынға Абдывалиев Ғани ие болды. Соңғы сайыс «Гір (гири) көтеруден» I орынды Абдывалиев Ғани, II орынды Мұханов Болатхан, III орынды Удеров Шахмардан жеңіп алды. Олар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарды жүлделі орындарымен Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Әміржан құттықтап, сыйлықтарын табыстады.
Дәстүрлер мен құндылықтар жаңғыратын ұлт пен ұлтты, туыс пен туғанды жақындастыратын Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған іс – шара Қызылорда облысының Полиция департаментінің бастауымен жоғары деңгейде өтті. Ұлыс тойы – жер бетіне жақсылықтың ұялауының нышаны. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Елімізде береке-бірлік артып, халқымыз жақсылыққа кенеле берсін!
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<