Кеше әлем халқы асыға күткен 2024 жылғы Париж Олимпиадасы салтанатты түрде ашылды. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова алып жүрді. Дүбірлі дода – қазақстандық спортшылардың тәуелсіз ел ретінде қатысып отырған сегізінші жазғы Олимпиадасы.
Салтанатты ашылу рәсімінде әлемнің 206 елінен келген спорттық делегациялар жүріп өтті. Жалпы, байрақты бәсекеде 10,5 мың спортшы бақ сынайды. Аталған шараны әлемнің әр қиырынан келген 300 мыңға тарта адам тамашалауға мүмкіндік алды. Алдын ала есеп бойынша тікелей телекөрсетілімді 1,5-2 млрд адам тамашалайды.
Олимпиада ауылы Париждің солтүстік жағында орналасқан, аумағы 52 гектарды құрайды. Инфрақұрылымда қажеттінің бәрі бар. Онда 40 тұрғын үй, жаттығу корпустары, емхана, асхана және басқа да нысандар, атлеттердің көңіл көтеруіне арналған клубтар орналасқан. Олимпиадалық ауылда 14,5 мыңдай адам тұрады. Оның ішінде тоғыз мың спортшы бар.
Жазғы Олимпиадада сынға түсетін үздіктерді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, оларға тілектестігін білдірді. Байрақты бәсекеге ең мықты спортшылар бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.
26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтетін айтулы аламанда 80 қазақстандық спорттың 25 түрінен 92 жолдама жеңіп алған еді. Отандастарымыз бокс, дзюдо, спорттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату және теннистен сынға түседі. Сондай-ақ олар велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таэквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі және брейкингтен жарыс жолына шығады.
Айта кетсек, бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барды. Ал еліміздің әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарда үш спортшыға сенім артып отыр. Сондай-ақ брейкинг пен бадминтоннан бізге тұңғыш рет Олимпиада жолдамасы бұйырды. Өкініштісі, биылғы бәсекеде алғаш рет әйелдер күресінен отандастарымыз сырт қалды. Еліміз бірден гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) алғаш рет жазғы Олимпиадада сынға түседі. Тұңғыш рет нысана көздеуден еліміздің атынан алты спортшы барса, семсерлесуден командалық жарыста бақ сынауға мүмкіндік алды. Ел құрамасынан 54 атлет жазғы ойындарда тұңғыш рет бақ сынайды. Ал жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев жазғы ойындарға төртінші рет қатысады. Сондай-ақ Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) өздерінің спорттық мансабында үшінші мәрте басты сынға келіп отыр.
Қызылордалық спортшылар 2008 жылдан бері Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып жүр. Қазірге дейін қазақстандықтар барлығы 71 медаль еншілеген. Оның 14-і – алтын, 21-і – күміс, 36-сы – қола. Олардың арасынан былғары қолғап шеберлерінің жеңіс олжасы көп жайды айғақтайды. 2012 жылы қызылордалық Марина Вольнова (75 келі) әйелдер боксында қола жүлде еншіледі. Ал 2020 жылы Қамшыбек Қоңқабаев (91 келі) үздік үштікті түйіндеді. Оған қоса 2016 жылы ауыр атлетикадан жерлесіміз Александр Зайчиковтің (105 келіден жоғары) күміс жүлдесіне қуана қол соққан едік. Сондай-ақ облыстан дзюдошы Жанар Жанзұнова, таэквандошы Айнұр Есбергенова, гандболдан ұлттық құрама сапында қызылордалық спортшылардың ел намысын қорғап қайтқанын әлі ұмытқан жоқпыз.
Қазірге дейін Олимпиадада былғары қолғап шеберлері 24 медаль еншілеген. Қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль алды. Токио Олимпиадасында қола жүлде алған жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев екінші Олимпиадасына қатысады. Мамандар аса ауыр салмақта шаршы алаңға шығатын боксшының басты қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалолов деп санайды. Назар аударатын жағдай, кейінгі жекпе-жектің барлығы өзбек боксшысының жеңісімен аяқталып жүр. Екі былғары қолғап шеберінің жолы бұдан бұрын Ханчжоудағы Азия ойындарындағы финалда түйісті. Бұл жолы да Қамшыбек Баходирдің осал тұсын таба алған жоқ. Сондай-ақ осы салмақта ұлыбританиялық Делишес Ори, германиялық Нельви Тиафак, испаниялық Айюба Гадфа, бразилиялық Абнер Тейшер бар. Олардың әрбірі қарсыласына оңайлықпен беріле қоймайды. Мамандар Қамшыбек финалға дейін жетеді деп үміттеніп отыр.
Сондай-ақ мамандар тарапынан грек-рим күресінен қызылордалық Айдос Сұлтанғали да жүлделі орынның бірінен көрінеді деген жорамал айтылуда. Төрт жыл бұрын Токио төрінде чемпион атанған кубалық Луис Орта Санчес қазір 67 келі салмақта бозкілемге шығады. Ендігі кезекте аталған салмақта қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбеков мықты атанып отыр. Жоламан екі дүркін әлем чемпионы (2022, 2023), әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері (2018, 2021) болған. Соңғы үш жылда өткен Азия чемпионатында Жоламанға тең келер ешкім болған жоқ. Оған қоса Айдоспен бірге жапондық Кэнитиро Фумита, өзбекстандық Исломжон Бахромов, әзербайжандық Мұрад Мамадов, молдовалық Виктор Чобану, қытайлық Цао Лиго, түркиялық Энес Башар, кубалық Кевин де Армаш, ирандық Мехди Мохсеннеджад, алжирлік Абделькарим Фергат жүлделерді сарапқа салады.
Сондай-ақ дзюдодан жерлестеріміз Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен Нұрлыхан Шархан (100 келі) ел намысын қорғайды. Олардың алғашқы қарсыластары анықталды. Абылайхан екінші айналымда венгриялық Атилла Унгвари, Нұрлыхан бельгиялық Тома Никифоровпен тайталасқа түседі. Әрине, жерлестеріміз – қазірге дейін сан алуан сайыстарда елді абыроймен қорғап жүрген тәжірибелі балуандар. Айтулы аламанға алғаш рет қатысып отырса да, жанкүйерлерді жүлделі орындармен қуантады деген ойдамыз.
Жанкүйерлер үшін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Олимпиада ойындарына қатыспайтыны күтпеген жаңалық болды. Оның есімін Олимпиаданың ресми сайтында жекелей сындағы және микстегі сеткадан алып тастаған. Жекелей сында оны австралиялық Дарья Сэвилл алмастырды. Ал миксте ол Александр Бубликпен жұп құрайтын еді. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мұның себебін Елена Рыбакинаның денсаулығына байланысты деп түсіндірді. Қазір Елена жіті бронхит ауруына шалдыққан көрінеді. дәрігерлер оған кортқа шықпақ түгілі, тіпті ұшақпен жарысқа ұшып баруына да қатаң тыйым салған тәрізді.
Айта кетсек, Олимпиада ойындарының бойтұмары ретінде кішкентай фригиялық қалпақшалар саналатын Фрижи таңдалған. Олар еркіндіктің, инклюзивтіліктің және адамдардың үлкен және ақылға қонымды істерді жақтау қабілетінің мықты символы ретінде қызмет етеді. Фрижи қызыл, ақ және көк түстермен боялған.
Биыл Олимпиада ойындарына сатылған билет саны да рекордық көрсеткішке жетті. Бұл туралы Халықаралық Олимпиада комитеті хабарлады. Бүгінге дейін 8,8 миллион билет сатылып кеткен. Бұған дейінгі рекорд Атланта Олимпиадасында 8,3 млн билетті құраған еді.
ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Эйфель мұнарасының етегіндегі Трокадерода орналасқан «Чемпиондар саябағында» марапатталады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<