Арқадан басталған жорық Сырға жетті

500

0

Жексенбі күні «Ұлы Дала Жорығы» республикалық бәйге марафонының жетінші кезеңінде шабандоздар 800 шақырымдық межені аяқтап, Сыр еліне табан тіреді. Марафон қатысушылары бұл жолы жүздеген шақырымды артқа тастап, Қызылорда қаласынан 189 шақырым қашықтықта, «Қызылорда-Жезқазған» трассасының бойындағы жазық далада аялдады.

Марафон-бәйгенің жетінші күнінің қорытындысы бойынша алғашқы үздік үштіктің қатарында ең алғаш сөре сызығынан аттаған Жамбыл облысының сәйгүліктері болды. Екінші болып Маңғыстау облысының, артынша Түркістан облысының аттары келді. Көптен күткен Сыр елінің сәйгүліктері сөреге төртінші болып жетті. Айта кетейік, бұл – тек осы күнгі нәтиже.

«Ұлы Дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбеков оның қалай қолға алынғанынан хабардар етті.

– 12 күндік аламан жарыс ат спортына дүмпу беріп, ұлттық спортқа жастардың қызығушылығын оятты. Қазір бәрі қазақ аттарына соғым ретінде қарауға көшкен. Біз оның кереғар пікір екенін және қазақ аттарының 1200 шақырымдық жолды еңсере алатынын дәлелдегіміз келеді. Кезінде батырлар Атырау мен Алтайдың арасын қорғады емес пе? «Ұлы Дала жорығы» шабандоздары сол бабалар ізімен жүріп, тарихымызды қайта түлетті. Әр елдің брендіне айналған дүниелер бар. Мысалы, Грекияда спартандықтар, Италияда легиондар, тағысын тағы. Бұл бәйге қазақ халқының брендіне айналады деп ойлаймын, – деді жоба авторы.

Оның айтуынша, алда шабандоздар Сыр елінен кейін киелі Түркістан өлкесіне бет алмақ.

– Марафоншылардың ендігі бағыты – Түркістан облысы. Сыр еліне жеткенше әр күн сайын жүз шақырымдап жүріп келдік. Осыған дейін  Сарыарқаның   бойымен  тастақты  жермен  келген  болсақ,  Жезқазғаннан өткенде  Бетпақдала  басталды.  Содан жол  біраз  қиындады, күн ысыды. Бірақ шабандоздарымыздың мықтылығының арқасында Сырға жақсы жеттік. Сыр өңірі де – шөлейтті, құмды жер. Климаты қатаң, су жоқ десе де болады. Соған қарай су мен жем-шөп жайын жетерліктей қамдап келдік. Негізі, жолдың жартысынан көбін басып өттік. Алда 400 шақырым қалды, – деді ол.

Шабандоздар командаларымен бірге әр өңірдің атбегілері және бапкерлері де 800 шақырымдық жолды басып өтті. Озып келе жатқан команданың жақсы көрсеткіші – тұлпардың жүйріктігі мен шабандоздың шеберлігінен ғана емес, атсейістің қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айта кеткен жөн. Соның арқасында оқ бойы озып шыққандар сөреге тез жетіп отыр. Бүгінгі күннің нәтижесі бойынша, жалпы есепте Ақтөбе облысы көш бастап келеді. Одан соң Маңғыстау мен Жетісу өңірі үздік үштікті қорытындылап тұр.

Орайы келгенде айта кетейік, Сыр жұртшылығы шабандоздарымызды қошеметпен қарсы алды. Қас қарая шабандоздардың шатырлы қалашығы думанды кешпен көңілдене  түсті. Облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл Арқадан бастау алған «Ұлы Дала жорығы» бәйге марафонына қатысушыларға сәт-сапар тіледі.

– «Ұлы Дала жорығы» – қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртатын, рухын көтеретін, еліміздің тарихын зерделеп, жаңа туристік маршруттар қалыптастыратын тың жоба. Тарихта ең ұзақ қашықтыққа созылған 1200 шақырымдық республикалық марафон-бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен 20 команда, 100 шабандоз және 200 сәйгүлік қатысуда. Аламанға қатысушылар күніне 100 шақырыммен Қарағанды, Ұлытау облыстарын артта қалдырып, Алаштың анасы – Сыр еліне келді. Алдағы жарыста барлық шабандозға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Барша қазақтың басын қосқан дүбірлі дода ашық аспан астындағы мерекелік кешке ұласты. Сыр халқы мен қонақтары үшін кең далада үйлер мен шатырлар тігіліп, арнайы жасақталған сахнада облыстық филармония өнерпаздары өз өнерлерін паш етті. Домбыраның үні мен күміс көмей әншілеріміз еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған қауымның көңілінен шықты.

Кеше марафоншылар түркінің төрі Түркістанға бет алды. Шешуші кезең киелі мекенде мәре сызығын аттаған сәт болмақ.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<