Санаулы уақыттан соң Жеңіс күні де келеді. Биыл елімізде айтулы мерекенің 74 жылдығы тойланады. Бір өкініштісі, бізге жеңісті жақындатқан майдангерлер қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Мереке қарсаңында соғыс ардагері Әбдірауық Сатыбалдиевпен жүздескен болатынбыз. Ата жақсы көңіл күймен қарсы алды. Бұрынғыдай емес, құлағы ауыр еститін болыпты, бірақ, жүзінен өмір сүруге деген құлшынысын аңғарасың. Мұны әңгімелесу барысында атаның келіні де ерекше әсермен айтып берді.
– Үлкендер қартайған сайын бала секілді болады деген рас екен. Атаның кейбір қылықтары адамның езуіне еріксіз күлкі үйіреді. Мен бірыңғай қасында отырамын. Жаңа үйге көшіп келгелі есік алдында жүргенді жақсы көреді. Арасында қарсылығымызға қарамастан күрек ұстап, үйдің алдын қопсытқысы кеп тұрады. Оған әлі келмейді. Үлкен балам он сегіз жаста. Бұрын бата қайтарғанда “сол баламның тойын көрсем” дейтін. Қазір батаға бірінші сыныпта оқитын ұлым қосылды. Атаның мұнысынан өмірге деген құштарлығының артып жатқандығын байқаймын, – деп күлді келіні Бақытгүл Сатыбалдиева.
Әбдірауық ата қазір Ақсуат ауылындағы жалғыз соғыс ардагері. Бұрын қаланың көпқабатты үйлерінде тұрған ол ауылға бір жылдай бұрын көшіп келген. Мұнда келгелі ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев та атаның жанынан үнемі табылатын көрінеді. Ауылдағы іс-шара, жиындар бүгінде майдангерсіз өтпейді. Әңгіме арасында қазақ халқына қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыс жайын сұрадық.
– Мектепте оқып жүрген кезім. Бұл зұлмат күн барлық шаңырақты шарпып жатты. Біздің отбасымызға да оңай соқпады. Себебі, қан майданға алдымен Мәлік ағам аттанды. Онан кейін мен кеттім. Соғыс басталғанда небәрі 17 жаста болғанмын. Бірақ барлық жанға қасірет әкелген соғысқа өзім сұрандым. Өйткені, менің санамда елімді, жерімді жаудан аман алып қалу ғана тұрды. Отбасымды жасы келген әкем мен ағама табыстап осылайша кете бардым, – деп Әбдірауық ата әңгімесін әріден бастады. Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылы Қармақшы ауданының Бозарқаш ауылында дүниеге келеді. Мектеп есігін Бидайкөл ауылында ашып, ағасының қолында оқиды. 1938 жылы 6-8 сыныптарды Бозарқаш ұжымшарында оқып, 9-сыныпты 20 шақырым жердегі Бестам мектебінен бітіреді. Сол уақыт 17-ден 18 жасқа қараған шағы болатын. Нағыз асыр салып жүретін бозбалалық кезең еді. Бірақ, елдегі жай ойын-сауыққа мойын бұрғызбады. Себебі, соғыс деген ұлы сұрапыл елге жетіп, жау жағадан ала бастаған болатын. 1942 жылдың аяғында 4 рет әскер қатарына шақырылып, 9 сыныптық білімі бар уыздай жас 1943 жылы қаңтар айында Совет армиясының қатарына қабылданады.
Әскер қатарына алынған Ә.Сатыбалдиев алдымен Саратов қаласына келіп, ол жерде командирлер даярлайтын жеделдетілген 3 айлық курста оқиды. Онда қару-жарақтар жайлы, оның ішінде зеңбірек атуды, команда беруді үйреніп шығады. Курсты тәмамдаған оған сержант шені беріледі. Өзінің жүріп өткен жолын, жан беріп, жан алысқан, нағыз майданға араласқан тұсын соғыс ардагері былай еске алды.
– Волга өзенінен Саратов қаласына келгенде қар қалың болды. Алдымызда 12 қатар эшелон тұр. Бұл Қиыр Шығыстан соғысқа бара жатқан солдаттар екен. Ең алдымен жолды ашу үшін сол жердің қарын күредік. Бізді осы жерде іріктей бастады. Мен 3 айлық курсқа кетіп, оны бітірісімен қайтадан Ленинград қаласына келдім. Онда 76-артиллерияның бір бөлімшесіне командир болып, Ленинградты қорғадым. Бұл менің қан майданға алғаш араласуым еді. Бірақ сол жерде жараланып, бастан соққы алдым. Бір жарым айдай емделіп, 1944 жылы ұрыс даласына қайта келдім. Ол жерде 358-дивизия құрамында болып, үлкен шабуылдарға қатыстым.
Ауыр күндерді күрсіне айтқан қария бұл шабуылда Острогожск, Воронеж, одан әрі Балтық бойы, Латвия, Эстония, Литва, Молдавия жерін жаудан босатуға атсалысады. Бұл кезде атты әскер кавалериясының құрамында болған ол осы жерде аға сержант шенін иеленеді. Мұнан соң 1945 жылы Воронеж облысы Острогожск қаласына келеді. Мұнда судан атпен өту, қару-жарақты пайдалану тәсілдерін меңгереді. Жеңіс туының желбірегенін Ригада жүргенде естіпті.
– Соғыс аяқталғанымен, мен елге бірден қайтпадым. Өйткені, шілде айында 25 мыңдай солдатты қару-жарақ, аттарымызбен бірге қызыл вагонға мінгізіп, жан-жағымызға қаратпастан суыт алып кетті. Қайда бара жатырмыз, не істейміз, ешкім ешнәрсе айтпады. Араға бірер ай салған соң эшелон Жосалы теміржол станциясына келіп тоқтады. Туған жер көзге оттай басылды. Амал жоқ, аялдауға болмайды. Мұнда азық-түлік, аттарымызға жем-шөп алып қайта кете бардық. Бірнеше күн жүріп, Алматы, одан Семей, Новосібірден тесік таулар-тунельдер арқылы Моңғолияның Қызылқұмына өттік. Моңғолияда Хайлар деген қала бар, соны босату біздің міндетіміз екен. Сол жердегі генералдар, маршалдар азаматтық киіммен жүрді. Тамыз айында Қиыр Шығыс армиясы ар жағынан, бер жағынан біздің дивизия Жапон самурайларын қоршауға алып, 9-10 күнде оларды қолға түсіріп соғысты аяқтадық, – дейді майдангер.
Соғыстан кейінгі уақыт тұралап қалған ел үшін ең ауыр жылдардың бірі болды. Жоқтан бар жасап күн кешкен халықтың тұрмысы да нашар болғаны белгілі. Ауылға келісімен ел әлеуетін көтеруге атсалысты. Жұмысы да жауапты еді. Мәскеу мен Алматыдан келген қаулыларды тіркеп, оның жүзеге асуын бақылайтын. Сөйтіп жүріп кешкі жастар мектебіне түсіп, аттестат алады. Мектепті бітірісімен 4 айлық курста оқыды. Мәскеу университетінің статистика факультетіне сырттай түсіп, экономист мамандығын алады. 37 жыл аудандық статистика басқармасын басқарды.
Соғыс кезіндегі де, бейбіт өмірдегі де еңбегі елеусіз қалмады. Майданда көрсеткен ерлігі үшін Отан соғысының І, ІІ дәрежелі орденімен, сонымен бірге 22 медальмен марапатталды. Мұнан өзге екі мәрте «ССРО статистика үздігі» белгісін, көптеген диплом және төсбелгілерді иленді. Өткен жылы соғыс ардагеріне «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
40 жыл бойы коммунистік партияның мүшесі болып, барлық ғұмырын елінің, туған жерінің өркендеуі мен дамуына арнаған зейнеткер бүгінде тоқсан төрт жаста. Үш баладан он шақты немере мен шөбере сүйіп отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<