«Артспорт» бағдарламасы: зерделеу не көрсетті?

134

0

Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен құқық қорғау органдарының жауапты өкілдері, тиісті салалық басқарма басшылары қатысқан жиын өтіп, «Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы пысықталды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыстық прокуратура жанынан құрамында құқық қорғау органдары бар жұмысшы тобы «Артспорт» бағдарламасымен жұмыс істейтін өнім берушілердің жұмысын тексеруде. 

Бүгінгі күні жұмысшы топ 19 субъектінің жұмысын саралап, 127,2 млн теңге қаражатты заңсыз иемдену фактісін анықтаған.

Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн теңгесі спорт саласына тиесілі.

Сонымен бірге, тиісті басқармалармен қатар, жергілікті атқарушы органдардың, қала және аудан әкімдіктерінің көмегімен «Даму бала» платформасына тіркелген балалардың 5740-ның ата-аналары баласының шын мәнісінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растап отыр.

Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 731 бала тізімнен алынып тасталған.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д. Жаналинов осы бағыттағы жұмысты тиісті мамандарды жұмылдыра отырып күшейтуді және жеделдетуді тапсырды.

Айта кету керек, мәдениет және спорт басқармалары тарапынан зерделеу қорытындысынан соң 125 кәсіпкермен келісім-шартты біржақты бұзған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражатын өз еркімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүруде.

Облыс әкімінің тапсырмасымен жыл көлемінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде бұл мақсатқа қаралған қаржының 3 млрд теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.

«Артспорт» бағдарламасын зерделеу барысы облыс әкімдігінде апта сайын тұрақты қаралатын болады.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<