Аруға жарасады әсем шашбау

781

0

Қызылордалық Жанар Бимұратқызы үнемі шашбау тағып жүреді. Ұмыт бола бастаған ұлттық әшекейге әуестігі әжесінен жұққан. Қазір ол өзі ғана емес, өзгелердің де қазақы үлгіге көшуіне ықпал етіп жүр.

Кейіпкеріміз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметттік және тәрбие жұмыстары басқармасын басқарады. Көбіне оның шашын қос бұрым етіп өріп, шашбау тағып алатынын көргенде көз сүйсінеді.

– Мен дүниеге келгенде әжем 87 жаста екен. Екі көзі бірдей көрмейтін. 110 жасында дүниеден өтті. Ес біліп, әріп танығаннан бастап әжеме қисса-дастандар оқып беретінбіз. Ал ол салт-дәстүрлер туралы айтып отыратын. Содан болар, бала кезімізден бойымызға салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды сіңіріп өстік. Анам әрдайым шашын екі бөліп өріп, түйіп, орамал тағып алатын. Бала күнімде анама еліктедім. Бір қызығы, ол кезде мұны ешкім байқамайтын. Шашбау таға бастағасын ғана аңғаратын болды. Соған қарағанда адамның көзі жылтыраққа түсетіні рас-ау, – деді Жанар Бимұратқызы.

Ол шашбауды өзі тағып қана қоймай, айналасындағыларға да үгіттеп жүр. Өзі қызмет ететін университетте челлендж бастап, оны еліміздің басқа жоғары оқу орындары жалғастырды.

– Университет өткен оқу жылынан бастап әр жұманы Ұлттық күн деп белгілеп, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап келеді. Студент қыздар шашбау, шекеліктер тағуды үрдіске айналдырды. Мектеп оқушыларына дейін шашбау таққан суреттерін маған көрсетіп тұрады. Жақында Түркиядан келген қонақтар да қазақы әшекейлерге қызығып, тағып алды, – деді кейіпкеріміз.

Жанар Бимұратқызы шашбауларының арасында алтын да, күміс те барын, бірақ көбіне сыйлыққа беріп жіберетінін айтты.

– Қоңыраулы шолпы мен шашбау таққан қыз оғаш қимыл жасамауға тырысқан. Әшекейдің ауыр салмағынан шаш ұзын болып өскен, екінші жағынан ол арқаны түзу ұстап жүруге көмектескен. Әрине, ол кездегі шашбаулар таза күмістен жасалғандықтан ауыр болған. Қазір дәл ондайды табу қиындау, – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<