Қаржы жыл соңына дейін игерілуі тиіс

314

0

Облыс әкімінің орынбасары Марат Делмұхановтың төрағалығымен құрылыс, жол, энергетика, жұмылдыру дайындығы саласы бойынша биылғы жылдың 9 айлық қорытындысы мен алдағы жоспарлар талқыланды. 

Жиында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков және  жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев баяндама жасады.

Биыл жоспарда жоғарыда аталған басқар­малар бойынша 149 нысан пайдалануға берілуі қажет. Өткен 9 айдың қорытындысымен осы басқармалар арқылы барлығы 47 нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы бойынша 14-і берілсе, жыл соңына дейін тағы 19 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы 14 нысан өткізген, алда 61-і тапсырылады. Ал жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 27 нысанды пайдалануға берген, әлі 14-і бітпеген. Айта кету керек, осы басқарма жауапты Шіркейлі каналы мен Қазалы ауданындағы дария үстіне салынып жатқан «Әлсейіт» көпірінің құрылысы да осы жылы толық бітеді деген үміт бар.

Облыстық жұмылдыру да­йын­дығы басқармасы 21 нысанды пайдалануға берген, енді қалған 5-і жыл соңына дейін іске қосылады.

Дегенмен, басқармалардың жұмыстарында бірқатар кемші­ліктер бар. Атап айтқанда, облысты газдандыру, тұрғын үй құрылысы, жылу, су, кәріз жүйелерін жаңғырту, жол, көпір құрылысы қарқынына әлі де көңіл толмайды. Бөлінген қаржы толық игерілмеген нысандар да бар. Мысалы, Белкөл-2 кентіндегі ауыз су жинау қоймасының құрылыс жобасына бөлінген қаржының 70 проценті игерілген, Досан ауылындағы ауыз су жинау қоймасының жобасына бөлінген қаржының игерілгені 37 процент қана. Қарауылтөбедегі ауыз су жинау қоймасы қаржысының 58 проценті, Талдыарал елді мекенінде ауыз су мен кәріз жүйелері құрылысына бөлінген қаржының 71 проценті игерілген.

Онлайн режимде болған жиналыста осы мәселе және өзге де атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудан әкімдерінің орынбасарлары да өз есептерін берді.

– Қаралып отырған  мәсе­­ле­­нің маңызы зор. Қойы­лып отырған талап пен жауап­кер­шілікті сезініп, биылға жос­пар­ланған нысандардың уақы­тылы іске қосылуын және бөлін­ген қаржының толық игерілуін қамтамасыз етуге тиістіміз. Осы ретте атап өтетін жайт,  басқарма басшылары, басқарма арқылы қала мен аудандарға бөлінетін трансферттердің то­лық орындалуына өздеріңіз тікелей жауапты екендеріңізді естеріңізге саламын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ержан Қожасов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<