Ашаршылық: «Өрімдей жастар жол жиегінде жатты»

1359

0

Кеңес үкіметінің орнауы он бес одақтас елдер ішінде Қазақтарға онша қолайлы болмады. Қолайлы жағдай жасауға үкіметті құрушы халық, орыстарда мүдделі болмады. Оған, бірнеше себептер бар еді. Бүкіл елді дүрліктірген мұндай әрекеттер кезінде, біздің жеңімпаз рухымыздың оянуынан бірінші кезекте күдіктенді. Сондықтан, үкіметтің қызылдардың қолына өтісімен 1921 жылдан бастап:»Аша тұяқ қалмасын,асыра сілтеу болмасын» деген ұранмен, мал баққан қазақтың түрт түлігінің түгін қалдырмай жабайы ниетпен жинай бастады. Ақыры, малдан айрылған менің ұлтым ашаршылыққа ұрынды.

Сахи ұлттың сағын сындырып алып, ақылмен ел басқаратын тұлғаларға қанды шеңгелдерін тағы салды. Сүйтіп, асау қазақты айтқанына көніп, айдағанына жүретін үйретілген жылқыдай қылды. Осы, 1921 жылы басталған тонаудың ақыры жаппай ашаршылыққа ұласып, ол он бір жылға созылды. Он жылдың үстінде Қазақ көрген құқайды жер бетіндегі ешбір ұлт көрмеген шығар. Бүкіл ел босып көрші елдердің шекарасын кесіп өтіп жатты. Аш адамда отан, туған жер деген ұғымдар алшақтау болады. Сол нәубетті жылдары ала шапанды ағайындар ауып барған қандастарын сыртқа теппей, тағдырдың талай теперішін көріп, өліп-талып жеткен әкелеріміздің өзегін жалғапты. Ол үшін Өзбек ағайындарға алғыстан бөтен айтарымыз жоқ.

Арып-ашып, бір үзім нанға зар болып Ташкентке жеткенде әйелі мен бауыр еті баласын өлтіріп алам деген үреймен өзбекке беріп кеткен әкелеріміз де болған. Менің әкем де Өзбекстанға бара жатқан жолда Тойған деген шешемізді жерлейді. Жәрімбет Сарғасқаның қызы екен. Төрт жасар 1928 жылы туылған Нәзипа апамды жетектеп, мындағы ел тойымшылыққа іліккенше өзбек жерінде ғұмыр кешеді. Содан елге келген соң ел қатарлы өмір сүріп, қызын өсіріп, өзі біздің шешеміз Бөдік Табын Қайрлапқызы Балсұлуға бас қосады. Өзін жетектеп жүріп өсіргенін, талай әкелер баласын,әйелін нанға айырбастап жібергенін, сол кездер елес болып есінде қалғанын марқұм апам өлгенше айтып кетті. Апамыз 2013 жылы қайтыс болды.

Бұл, бір қазақтың ғана басынан өткені. Әкем марқұм, өзбекстанға барар жолда аштықтан ажал құшқан жандардан аяқ алып жүру мүмкін еместігін айтатын. Бетін жасыруға өзіміздің де дәрменіміз құрып келеді, өрімдей жастар жол жиегінде жатты- деп, езіле еске алып отырар еді. Раһымды Алла, оларды мейріміне бөлесін!

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды.

Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.

Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Міне, осы лагерлерде қан-құйлы зорлық әрекеттер жасалған. Қазақтың миын сыпырып алып, басын орнына қоя салғандай қылып, арда туған ақыл иелерін тегіс өлімге атты. Кеңес үкіметінің жасаған көптеген теріс әрекеттерін іштей кншіргенмен, осы ашаршылықтағы және қуғын-сүргіндегі құрбан болғандардың қандарын кешіруге болмайды!

Адамдықтан ада, иманнан жұрдай жандардың ғана қолынан келетін мұндай іске барғандардың жазасын Алла берсін! Марқұмдардың руһларына әл-фатиха!Атаулы күні оқылған дұғалар қабыл болып, шейіт кеткен бауырлардың ұрпақтарын жақсылықтарымен жарылқасын!

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<