Аймақта алғашқы 6 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жобасына тесттік режимде қосылды. Пандемия салдарынан енгізілген шектеулер бизнес өкілдеріне еркін жұмыс жасауға мүмкіндік бермей отыр. Өткен жылдың наурызында жабылғаннан карантинге орай жұмысын бастай алмай отырған кәсіпкерліктің бір тармағы – компьютерлік клубтар.
Облыстың Бас санитарлық дәрігерінің қаулысында «Ashyq» жобасы бойынша компьютерлік клубтар мен боулингтерге жұмыс істеу мүмкіндігі берілген. Кәсіпкерлік палатасының мамандары компьютерлік клуб иелеріне тесттік режимде жұмыс істеуді ұсынған еді. Кәсіпкер Жасұлан Абуов 15 адамды жұмыспен қамтып отырған нысан эпидахуалға байланысты жұмысын тоқтатқалы шамамен 8 млн теңгедей шығынға ұшыраған. Кәсіпкер жобаға қатысуға өтініш бергеннен кейін 2 күнде оң жауап алып, әрі қарай 2 күнде ғимаратты талапқа сай дайындаған.
Тесттік режимде жұмысын жандандырған нысандар қатарында компьютерлік клубтармен қатар бассейн, боулинг орталығы және кинотеатр бар.
«Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы QR-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы COVID-19-ды бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.
«Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
«Сары» түс науқаспен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.
«Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.
«Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.
Qr-код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 QR-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке QR-код ілінеді.
Бүгінде осы тәжірибе Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданылуда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<