Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады.
Мемлекет басшысына Орталық сайлау комиссиясының сайлауаралық кезеңдегі қызметінің басым бағыттары таныстырылды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау науқанын өткізуге қатысты өңірлердегі сайлау органдарының жұмысы туралы баяндалды.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауаралық үдерістердің заңға сәйкес толық ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
***
Сондай-ақ кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Саид Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму перспективалары талқыланды. Маңызды салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастарды дәстүрлі түрде одан әрі нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Біріккен Араб Әмірліктерінің елшісі кездесуге мүмкіндік бергені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдіріп, өз елінің екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<