АШЫҚТЫҚ АЛАҢЫ

338

0

Қоғамдық кеңес – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші, әрі бақылаушы орган. Бүгінде бұл құрылым халықтың көкейіндегісін билікке тікелей жеткізуге септесіп жүр. Жақында «Достық үйінде» кеңес мүшелері кезекті рет бас қосып, атқарылуы тиіс шаралар төңірегінде ой қозғады. Көптің көңілінде жүрген бірқатар ұсыныс-тілектерді жеткізіп, оларды шешу жолдарын бірге қарастырды.

Бірінші кезекте «Қазақстан Респу­бликасының кейбір заңнамалық акті­леріне жер қатынастарын реттеу мәсе­­­лелері бойынша өзгерістер мен толық­­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы талқыланды. Жиын бары­сында  облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Нұрманов баяндама жасап, заң жобасына енгізілген өзгерістерді, оның маңыздылығын тар­қатып айтты.

– Заң жобасы ҚР Президентінің «Жер заңнамасының кейбір нор­ма­ларын қол­дануға мораторий енгізу туралы» 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығына сәйкес құрылған Жер реформасы жөнін­дегі комис­сияның ұсыныстарын іске асыруға бағытталған. Құжатта халық та, комиссия мүшелері де қолдау біл­дірген жерді 49 жылға жалға беру институтын сақтап қалу, жерді жалға беруде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету, қазақстандықтарға жал­ға беруде жердің шекті мөлшерін белгілеу, конкурстарға қатысушыларға тең құқықтық мүмкіндіктер беру тәрізді маңызды мәселелер ескерілген. Қолданыстағы заңда жердің мөлшеріне шектеу тек жекеменшікке сатылатын аумақтар мен шетелдіктерге байла­нысты баптарда ғана бар еді. Ендігі өзгеріс көлемді жер телімдерінің бір қолға өтіп кетуінің алдын алады. Сонымен қатар мүдделі тараптардың ұсыныстары негізінде ше­караға жақын учаскелерді беру тәртібі күшейтілген, – деді Қ.Нұрманов.

Балаларға тиімді демалыс ұйым­дастыру, бейімділігіне қарай үйірмелер жұмысын жалғастыру мәселесі де шет қалмады. Отырыста облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова биыл жазғы демалыс бірнеше бағытты қамтитынын айта келе, олардың демалыс маусымын лагерьлерде жоғары деңгейде ұйым­дастыру ісі қолға алынғанына тоқ­талды. Мәліметтерге сүйенсек, облыс­тың білім беру мекемелеріндегі 1-10 сыныптағы 136200 оқушы облыс және республика аумағындағы жазғы тынығу лагерьлерінде демалып, спорт клубтары мен түрлі үйірмелерде бос уақытын тиімді өткізеді. Оның ішінде 9 жазғы тынығу лагері 7 ауысымда демалушыларды қабылдаса, 111200 бала мектеп жанындағы жазғы лагерьлерге барады. Бұдан бөлек, оқушылар үшін аймақтың көрікті жерлеріне экскурсия мен түрлі спорттық-танымдық сек­ция­лар мен үйірмелер жұмысы ұйым­дастырылады екен.

Кездесу соңында кеңес мүшелері ашық алаңды пайдалана отырып, ұсыныс-пікірін ортаға салды.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<