Асқақ сезімді арқау еткен

1733

0

Ақын, ұстаз, Әлем халықтары және Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі Ардақты Қамақтың «Шағалашабыт, теңізжыр» атты шығармашылық кешінде «Қос қарлығаш» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.

Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жыр кешіне ақынның ұстаздық қызметіндегі әріптестері, поэзия әлеміндегі қаламдастары, жалпы өлеңге құштар оқырмандар қатысты. Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаян көрермен назарына ұсынылды. Адами асқақ сезімді арқау еткен өлең-жырлары оқылды.

Ақынды аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев құттықтап, талант иесінің шығармашылығына және ұстаздық жолындағы абыройлы еңбегіне ыстық ықыласын білдіріп, аудан әкімінің алғыс хаты мен гүл шоқтарын табыстады.

Енді бір сәт ақын Ардақты Қамақтың сөзіне жазылған «Сыр саңлақтары» термесі, К.Әшірбаевтың «Сырлы сезім», «Немерем», Ә.Тойлыбайдың «Кей досым бар», Ж.Бекшораеваның «Іздедім сені» әндері орындалып, көптің қошеметіне бөленді. Ал «Шағала – шабыт, теңіз – жыр» өлеңін автор Ардақты Қамақ және ақын Сайлаухан Жоланов тебіреніспен оқып, тыңдаушы қауымға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік, жаңа кітаптың «Қос қарлығаш» аталуының себебі, мұнда  ағайынды ақын қыздар Ардақты және Ләйла Қамақтың жырлары жинақталған. Жаңа туындының тұсауын Түркі әлемі Жазушылар одағының президенті, қоғам қайраткері, ақын-жазушы Баян Тіленшина мен ақын-жазушы Бекшүкір Дүйсенұлы кесіп, кеш иесіне ізгі тілектерін арнады. Сондай-ақ, Алматы қаласынан келген дәулескер күйші Аршын Кәсімбайұлы «Қос қарлығаш» атты күйін тыңдарманға ұсынды.

Осылайша қарт Қаратаудың етегін жырмен көмкерген керемет рухани жиын өтті. Алыс-жақыннан келген жырсүйер қауым кеш иесіне құрметін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<