Біз «астана» деген атауды бір мемлекеттің елордасы деп қана түсінеміз. Оның мәні тереңде, бұл сөз – бабаларымыздың төл тілінен қалған жәдігер. Ол «кең қазан», «тайқазан» деген мағына береді.
Сақтардың патшасы Арриант бүкіл жауынгерлерінің жез жебелерін жинатып, оны балқытып, үлкен қазан жасаған. Ол қазанды «астана» деп атаған. Сол қазанға тәңір суын құйып, жау шапқыншылығынан жүнжіген жауынгерлеріне ішкізген. Сонда олардың рухы көтеріліп, бір тудың астына қайта жиналған. Елді бірлікке ұйыстыратын «астана» атауының тарихы осындай екен.
Халқымыздың ұлылығын әр күн, әр сәт сайын есімізге түсіріп отырғанымыз абзал. Қазақтан басқа халықта «ана тілі» деген тіркес кездеспейді, сол сияқты «елдіктің тайқазаны» мағынасын дәл беретін «астана» сөзін бас қаласына атау қылып берген де қазақ қана шығар.
Біздің бүгінгі айтпағымыз Астанамыз жайлы жазылған әндер туралы болмақ еді, біз сол әндердің бәрінің басын қосатын бір ғана мақсат – елорданы дәріптеу екенін білген соң олардың жеке баянына бара бермедік.
Қазаққа танылған сондай әндерді тізімдей берсек, көп. Солардың ішінде ең белгілілері мыналар: «Елімнің жүрегі – Астана», сөзі: С.Қоңырбаев, әні: М.Түгелбаевтыкі.Орындайтын – Алтынай Жорабаева. Айтпақшы, Алтынайдың орындауында Астана туралы төрт ән бар.
Өмірден ерте озған талантты композитор Е.Серікбаевтың «Жігіттер» тобы орындайтын «Арман қала» әні де көптеген әншінің қоржынында жүр.
Халықтың құлағына сіңімді болған Ринат Ғайсиннің «Арайлы Астана» әнін халық артисі Роза Рымбаеваның орындауында талай тыңдадық. Ақын Қ.Әбіловтің өлеңіне композитор Т.Мұхамеджанов жазған әннің аты да – «Арайлы Астана».
Ал тек қана «Астана» деген атпен өмірге келген елу шақты әннің бар екені белгілі болды. Қайрат Баекенов және «Формат» тобы орындайтын «Астана», Қайрат Нұртас орындайтын «Астана», тағы да басқа… Осы әннің сөзін біздің жерлесіміз, талантты ақын қыз Назгүл Бердіқожа жазған.
Ең қызығы, біздің Астана өзге елдің таланттарына да шабыт сыйлапты.
Грузиялық ақын әрі композитор Мераб Андроникашвили Астана туралы ән жазып, оған бейнебаян да түсіріпті. «Бұл әнді не мақсатпен жаздыңыз?» деп сұрақ қоятын журналистер де табылыпты. «Қазақтың астанасы менің ерекше назарымды аударды. Бұл қалаға ғашық болдым» деп жауап беріпті Мераб оларға.
Атақты «Ялла» тобының орындауынан да «О, Астана!» деп аталатын әсем әнді естігенбіз. Басқа астана емес, біздің Астанамыз туралы ән!
Сондай-ақ, ресейлік белгілі әнші-композитор Дмитрий Маликовтің «Город любви и мечты» деп аталған әні де Сарыарқа төсіндегі саралтын шаһарға арналған.
Егер Астанаға жыр арнаған ақындарды санай бастасақ, онда қазақ ақынының бәрін түгендейміз.
Өзіме келейін, енді. Мен де Астана туралы бірнеше өлең жазғанмын. Соның екеуі әнге арқау болды.
Біріншісі – әлгінде айтқанымыздай, елу шақты әннің қатарындағы «Астана» деп аталатын шығармам. Оған Ольга Хегай ән жазып, 1998 жылы Астананың ашылу салтанатында Роза Рымбаева орындады.
Екіншісі – композитор Алтын Бекенова ән жазған «Нұр-Астана» деп аталатын өлеңім.
Алтын – тамаша композитор. Пунта-Канода өткен халықаралық әлем балаларының ән байқауында айтылған Алтынның туындысы арнайы таспаға жазылып, сол елде қалдырылыпты. Қазір ол Доминикан әншілерінің репертуарына енген.
Алтын екеуміздің жақын араласуымыз Астананың 10 жылдығы тұсында басталды. Біздің шығармашылық одағымыздың жемісі сол кезде туған «Нұр Астана» әні әлі күнге сахнадан түскен жоқ. Алғашқы кезде оны жас әнші Сәния Ғаниқызы орындап, халықаралық «Бөбек» қоры президентінің арнайы сыйлығын иеленген.
2020 жылы елорда тойы қарсаңында әнге жаңа бейнебаян түсіріліп, қайта жаңғыртылды. Астанада білім алып жүрген А.Бөлебай, Н.Сағынтай, М.Аманжолов, А.Жұмабек секілді талантты қызылордалық әншілер шырқаған «Нұр-Астана» әні республикалық телеарналардан көрсетілді.
Арқаның ғана емес, Алаштың төріндегі осы бір шамшырақ шаһардың аты асқақ, заты асыл. Себебі, ол – ата-баба арманының жеңісі, қайта оралған тәуелсіздігіміздің төл жемісі!
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<