Астана халықаралық форумы: Үдеріс пен үн қосу

419

0

Әлемдік, халықаралық һәм саяси қайсыбір жиындарда болмасын «қауіпсіздік» деген сөз жиі айтыла бастады. Әсіресе кейінгі уақыттағы жаһандық дағдарыстар мен саяси теке-тірестер қауіпсіздік мәселесін алдыңғы орынға шығарып отыр. Бейсенбі күні басталған Астана халықаралық форумының өткізілу барысын сәт сайын ақпараттандырған БАҚ өкілдерінің де екі сөзінің бірі осы қауіпсіздікке тірелді. «Өйткені, форумда ең көп айтылған әрі талқыға түскен осы тақырып» деп келтірді журналистер.

Форумның маңызды жиындарының бірі – Пленарлық сессия болды. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, халықаралық жағдайлар бойынша ең маңызды деген мәселелерді көтерді. Алдымен Президент Астана халықаралық форумына қатысушыларға шынайы ризашылығын жеткізіп, мұның Қазақстан үшін үлкен мәртебе екенін әрі жиынның негізгі миссиясын нақтылай түсті.

«Астана халықаралық форумы – бұл диалог алаңы, – деді Президент. – Оның негізгі миссиясы мынадай: бірінші, әлемдегі жағдайды ашық талқылау; екінші, алдымызда тұрған негізгі сын-қатерлер мен дағдарысты айқындау; үшінші, осы сын-қатерлерге өзара ынтымақтастық рухында диалог арқылы қарсы тұру; төртінші, көпжақты қатынастардың ортақ мәдениетін жаңарту және қалпына келтіру; бесінші, бейбітшілікті, прогресс пен ынтымақты жақтайтын дауыстарды күшейту.

Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл форум өзара белсенді ынтымақтастыққа тікелей ықпал етеді. Әсіресе бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс кезеңінде сын-қатерлерге төтеп беру өте маңызды. Жаһандық жүйе бейбітшілік пен өркендеуді таңдаулылар үшін емес, көпшілік үшін қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуге тиіс.

«Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған сәттен негізі қаланған әлемдік тәртіптің іргетасының бұзылу үдерісіне куә болдық. БҰҰ бүкіл адамзатты біріктіретін бірден-бір жаһандық әмбебап ұйым болып қала береді. Осы ретте Қауіпсіздік Кеңесінің жан-жақты реформаларынсыз бұл сын-қатерлерді шешу ісінде табысқа қол жеткізе алмаймыз. Кеңестегі «Орта державалардың» өкілдерінің пікірі мейлінше салмақты болуы қажет» – деді Мемлекет басшысы.

Шынында, қазіргі әлем үлкен өзгерісті бастан өткеріп отыр. Кешегі әлемді жайлаған жұқпалы кесел, қарулы қақтығыстар, саяси тұрақсыздық сынды құбылыстар «жеті өлшеп, бір кесуді» алға тартады.

«COVID-19-дан бастап қарулы қақтығыстарға дейінгі «жаңа дағдарыстар» біздің нәзік халықаралық экожүйеге қауіп төндіреді. Бірақ бұл тұрақсыздықтың себебі тереңде жатыр. Сонымен қатар біз 30 жылдан кейін бұрынғы «блоктарға» бөлінушілік ой-санасына қайта оралу жағдайына куә болып отырмыз. Жікке бөлінушілік күші тек геосаяси мәселемен шектеліп қалмайды, оның экономикалық астары да бар. Экономикалық саясат қару ретінде ашық қолданылуда. Бұл қарама-қайшылықтар санкциялар мен сауда соғыстарын, мақсатты борышкерлік саясатты, қаржыландыру көздерінен шектеуді немесе жоюды, сондай-ақ инвестицияны бақылауды қамтиды.

Еркін сауда, жаһандық инвестиция, инновация және адал бәсекелестік секілді факторлардың жиынтығы соңғы онжылдықтарда негізі қаланған әлемдік бейбітшілік пен дамудың іргетасын біртіндеп қирата бастады.Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік толқуға, мемлекеттердің іштей бөлінуіне және олардың араларының шиеленісуіне алып келеді. Теңсіздіктің өршуі, әлеуметтік бөлінушілік, мәдениет пен құндылықтардағы алшақтықтың артуы секілді үрдістердің бәрі экзистенциялық қауіпке айналды, – деді Президент.

Жалған, теріс ақпараттардың кең таралуы да қазір қауіп-қатердің ушыға түсуіне түрткі. Тіпті оның күшейіп, өте қауіпті бола түсуі алаңдаушылық тудырады. Сондай-ақ, жасанды интеллектен бастап биотехнологияға дейін жаңа технологиялардың жаһандық салдары және олардың шектеулі ұлттық шеңберде ғана енгізілуі әлемдік тәртіпті үлкен шиеленіске итермелейтіні айтылды.

«Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты. Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр. Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өткен жылы Қазақстан экспорты 40 пайызға артқан. Әйтсе де жалпы ішкі өнімнің едәуір бөлігі бұрынғыша энергетикалық секторға тиесілі. Экономиканы әртараптандыруда ұмтылыс бар. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау сияқты бірқатар салада өсім бар. Президент атап өткендей, іскерлік және экономикалық серіктестік үшін жаңа мүмкіндік іздегендердің бәрін шақырамыз. Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін екі есе қысқартады.

«Сонымен қатар экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді, – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы форумға қатысушылар назарын қазір бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлердің ішіндегі ең қиыны – климаттың өзгеруіне аударды. Президенттің сөзінше, Орталық Азия бұл қатерлерге қарсы тұру үшін алғы шепте болады. Ғаламдық ауа температурасының 2050 жылға қарай 1,5 0С-қа көтерілуін сәтті шектеу мүмкін болғанның өзінде, Орталық Азия елдері күн райының 2-ден 2,5 0С-қа дейін көтерілгенін байқайды. Бұл біз өмір сүретін ортаның траформациясына, нақтырақ айтқанда шөлге айналуына, одан кейін тіршіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан барлық сын-қатерге дайын болуымыз керек.

«Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады.

Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.

Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын» – деді Мемлекет басшысы.

***

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі күндік Астана халықаралық форумы аясында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бастаған делегациямен кездесті. Сондай-ақ, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваны қабылдады. Мұнымен қатар Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Мемлекет басшысы сонымен қатар, Шетелдік инвесторлар кеңесінің 35-ші пленарлық отырысына қатысты, кеше БҰҰ делегациясын, бірқатар белді компаниялардың басшыларын қабылдады.

Қ.ӘБІШ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<