«ЕГЕМЕНДІК ЖӘНЕ ЕЛОРДА»
С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Астана қаласының 25 жылдығына орай «Егемендік және елорда» атты фотокөрме өтті.
Көрмеге Астана қаласының көрікті жерлері мен архитектуралық ғимараттары бейнеленген кең форматты фотогалерея қойылып, көрермен назарына ұсынылды. Айта кетейік, көрме 10 шілдеге дейін жалғасады.
КІТАП КӨРМЕСІ
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада елорда туралы мәлімет беру, жастардың Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық рухын арттыру мақсатында Астана күніне арналған «Астана – ұлтымыздың рухани ордасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінде ел астаналарының қысқаша тарихы мен фотосуреттер, елорданың өткені мен бүгінінен сыр шертетін туындылар бар. Сонымен қатар Астананың қазіргі келбетін, болашағын баяндайтын 70-ке жуық кітап және мерзімді басылымдарға жарияланған мақалалар қойылды.
САДАҚ АТУ САЙЫСЫ
Облыстық қоғамдық даму басқармасы қоғамдық келісім мекемесінің ұйымдастыруымен елорданың 25 жылдығына орай ұлттық спорт түрі – садақ атудан сайыс өтті.
Сайысты мекеме директоры Бақытжан Камалов ашып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайысқа жастар қатысты. Садақшылар 10 метрден 25 метрге дейінгі қашықтықта шеберлік сынасты. Жарыста үздік шыққан мергендерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
М.Ғалымқызы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<