Қазір әлемдік нарықта автоөндіріс саласы бәсекенің нағыз бел ортасында тұр. Сол нарықтан өз еншіңді қалай аласың, ертеңгі үлесің соған байланысты.
Қазақстан автоөндірісі де дамуға бет бұрды. Осының бір айғағындай, жуырда ғана республиканың жер-жерінен жиналған БАҚ өкілдері, тәуелсіз журналистер, блогерлер Алматыда «Астана моторс» компаниясының бүгінгі қызметіне куә болды.
«Біздегі жігіттер «кузовты» «шанақ» дейді»
Әуелі танысқан нысан – «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны Hyundai Trans Kazakhstan – Hyundai жеңіл автокөліктерін өндіретін толық циклді зауыт. Зауыттың орналасуы, реттілік пен тәртіп, тазалық, автоматтық жүйе қызметі, бәрі-бәрі келген кісіні қызықтырмай қоймайды.
Мұндағы өндіріс қуаты – жылына 50 мың автокөлік. Әрине, мұның өзі үлкен әлеует. Зауыт 2022 жылы 37 205, 2023 жылы 48 857, биыл 9 айдың ішінде 29 138 автокөлік шығарған. Мамандардың айтуынша, бұл кәсіпорыннан 2020 жылдан бастап барлығы 149 323 автокөлік нарыққа жол тартқан.
Маман демекші, зауытқа келген БАҚ өкілдерінің бір тобын «Астана моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев бастап алып жүрді. Оның айтуынша, бұл зауытта Hyundai маркасының 10 моделін шығарады – Tucson, Sonata, Elantra, Santa Fe, Palisade, Staria, i30, Bayon, i20, Custin. Hyundai Accent, Hyundai Tucson модельдерін дәнекерлеу мен бояу ұсақ торапты өндіріс әдісімен жүзеге асады. Зауыттағы барлық операциялар Hyundai Motor Company компаниясының қатаң бекітілген технологиялық процесі негізінде жүргізіледі. Әрбір автомобиль Hyundai халықаралық стандарттарына сәйкестігі бойынша тексеруден өтеді.
– Қосалқы бөлшектердің негізгі дені Оңтүстік Кореядан келеді. Қытай мен Индиядан тасымалданатын бөлшектер де бар, яғни, Hyundai автокөліктерін қамтитын зауыттармен байланыс орнаған. Осы қоймада 400 автокөлік шығаруға жететін қосалқы бөлшектер сақтай аламыз, – деді бас директор.
Зауыттың қазіргі әлеуетімен 18 сағатқа жуық уақытта бір автокөлік бастан-аяқ дайын болады екен. Соның ішінде шанақ 1566 нүктені дәнекерлеу арқылы әзір тұрады. Ал, автокөліктің моделін ауыстыру үшін құрылғыларды реттеуге 2 сағат уақыт кетсе, 1 сағатта 5 шанақ дәнекерленеді.
– Кореяда мұнан 5-10 есе үлкен зауыттар бар. Автоматты тетіктері жақсы дамыған. Ал әзірге біздегі мақсат – жұмыс орындарын қамту, – дейді Бекнұр Несіпбаев.
Бас директордың айтуынша, қазір зауытта еңбек етіп жатқан азаматтардың 80 пайызы – қазақ азаматтары. Соның ішінде қаланың емес, ауыл-аймақтан келген жігіттер көп. Ең қызығы, олар терминдердің бәрін қазақша атауға дағдыланып алған.
– 13 қазанда осы зауытқа келгеніме тура төрт жыл болды. Тараздың «Сарытөбе» ауылынанмын. Әуелі жинақтау цехында қарапайым оператор болып жұмысқа келдім. Кейін дәнекерлеу цехына ауыстым. Қазір жетекші инженер-технологпын. Осындағы жұмысшылардың көпшілігі политехникалық колледж бітірген жас мамандар. Ең бастысы, еңбекке қабілетті азаматтар үшін жұмыс бар, – дейді 28 жастағы Жарас Әбдіқожаев.
Қытай нарығынан қалай сақтанамыз?
Бас директордың айтуынша, Америка, Еуропа қазірдің өзінде Қытайдың автонарығынан сақтануға көшкен. Себебі, әрбір мемлекет үшін өндірісті, жұмыс орнын сақтап қалу ауадай қажет.
– Утил алымы, былайша айтқанда салықтың бір түрі. Бір ғана мысал, Өзбекстанға сырттан автокөлік кіргізу өте қиын. Біріншіден, сертификат алуың керек. Оны беру-бермеуінің өзі екіталай. Екіншіден, Өзбекстанға автокөлік кіргізу үшін 70 пайыз кедендік салық төлейсіз. Қазақстанмен деңгейлес утил алымын қосыңыз. Көлік құнына қарай 30-40 пайыз төлем тағы бар. Осының бәрі айналып келгенде төлейтін салық 100 пайыздан асып кетеді. Осындай жұмысты 30 жыл бұрын бастаған Өзбекстанда қазір автокөліктің локализациясы 80 пайызға жетіп қалған. Өзбекстан жылына 400 мың автокөлік шығарады да халқын қамтиды және көршілес мемлекеттерге сатады. Бас-аяғы сол мемлекетте қазір 400 мыңдай адам автоөндіріс саласында жұмыс жасайды, – деді Бекнұр Мұратұлы.
Осы арада әріптестер «Сол отыз жыл бізде де болды ғой» дегенді айтты.
– Айырмашылық, – деді бас директор, – Қазақстанда либералдық экономика. Бізде үлкен кедендік тариф болған жоқ. Ал Өзбекстанда 30 жыл 100 пайыз болса, Қазақстанда басында 27 пайыз, кейін 15 пайыз болды. Екеуін салыстыра алмайсыз. Өз өндірісіңіздің негізін қалап, аяқтан тұрғызу үшін бәсекеге лайық бейімді әрекет керек. Естеріңізде болса, 2000 жылдары қаншама ескі көліктер Америкадан, Дубайдан, Еуропадан келді. Егер соған лайық нарық жабық болмаса, автопром ешқашан дамымайды. Бағаның деңгейін локализация шешеді. Қарапайым ғана мысал, біз қазір осы зауытта автокөлік орындығының құйма формасын өзімізде жасағаннан кейін автокөлік бағасын 80 долларға төмендетуге мүмкіндік алып отырмыз. Бір ғана, бір ғана қарапайым деталь…
«Астана моторс» компаниясы қазір Қазақстан және Өзбекстанда жұмыс жасайды. Өзбекстанда 600-ге жуық жұмыс орны ашылған. Ондағы жұмысшылар түгелге дерлік сол елдің азаматтары.
Енді қараңыз, кейінгі екі жылда 6 қытайлық бренд автокөлік Қазақстан нарығында 10-дық топқа кірген. Іргедегі елден шыққан дүние бірінші біздің нарыққа келеді. Биыл 9 айда Қазақстан нарығының 39 пайызын Қытай көліктері алған. Сұраныс бағасына байланысты. Ал Қытайда жұмыс күші көп. Ендігі кезекте «Астана моторс» сол Қытай көліктерін де шығаруға бел буып отыр. Әлгінде компанияның бас директоры айтқандай, кәсіпорында жұмыс көзін сақтау және көбейту, бәсекеде ұтымды қадам жасау – ең басты ұстаным.
Айта кетейік, бұл зауытта 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың наурызына дейін жоспарланған жаңғыртудың екінші кезеңі барысында дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтары қайта жаңартылып, тағы бір модель – Hyundai Santa Fe-нің CKD өндірісін жолға қоймақ. Бұл ретте 4 дәнекерлеу робот, 111 дәнекерлеу пистолет, автоматты конвейер, автоматты шатыр ролигі және Santa Fe моделі үшін дәнекерлеу өткізгіші кіреді. Жаңа жабдық сағатына 7 шанақ шығаруға мүмкіндік берсе, әрбір шанақ 45 бөлікті және 1624 дәнекерлеу нүктесін қолдануды көздейді екен. Демек, зауыттың автоматтық жүйесі жаңа сатыға көтеріледі.
Сонымен қатар, кәсіпорынның ең маңызды буыны – бояу цехында өнімділігін екі есе арттыруға және сағатына 6-7 шанақ бояуға мүмкіндік беретін қосымша жаңа жабдық орнату жоспарланған. Мұның аясында жапондық Yaskawa өндірушісінің 6 роботы және шанақтарды бояу желісіне беру үшін автоматты конвейер орнатылады.
3600 жұмыс орны: үлкен мүмкіндік
Компанияның бас директоры мұнан әрі жаңадан салынып жатқан жеңіл автомобильдер шығаратын толық циклді мультибренд зауытына бастап барды. Бұл – «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны.
Мұнда өндіріс қуаты жылына 90000 бірлік болмақ. Зауытта 9 автокөлік моделі шығады. Қазіргі уақытта бренд иелерімен Сhery Tiggo 2, Haval Jolion, Tank 300, Changan CS55 модельдері бойынша келісім жүріп жатыр. Зауыттың толық модельдік желісі өндірісті пилоттық іске қосу алдында ұсынылады.
Білуімізше, жобаның құны – 182 млрд теңге. Оның ішінде 30% – Astana Motors Manufacturing Kazakhstan жеке қаражаты, 70%-9% мөлшерлемеде 15 жылға қарызға алынған қайтарымды қаражат. Жоба Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қазақстан Даму банкі, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылады. Өнімнің 40 пайызын Қазақстан нарығында сату, 60 пайызын экспортқа шығару көзделген.
Осы арада Бекнұр Мұратұлы 3600 жұмыс орны ашылатынын айтты.
– Ол үшін біз ширақ, еңбекке қабілетті адамдарды тартамыз. Жоғары білім алу не колледж бітіру деген талап жоқ. Жұмысқа икемді, адал азаматтар керек. Қазіргі таңда жаңа өздеріңіз көрген зауыттағы жұмысшылардың 30 пайызы жоғары, 40 пайызы орта буын білім алған мамандар, қалғаны мектеп бітіріп келген жастар. Вакансия бойынша дерек көзі ашық. 3600 адамды келер жылдың соңына дейін қабылдау көзделген. Осы кездің өзінде ықылас білдірген азаматтармен келісім жасалып жатыр. Ең алдымен инструкцияны оқып түсіну, одан кейінгісі – қол жұмысына шамасы жету. 18 жастан бастап қабылданады. Орташа жалақы – 400 мың теңге. Жұмысқа қатынауға автобус, медициналық сақтандыру жұмысшы мен отбасы мүшелеріне және тегін тамақ қарастырылған. Әзірге жатақхана белгіленбеген, – деді бас директор. Шын мәнінде, бұл – әсіресе, кез келген өңірдің азаматтары үшін үлкен мүмкіндік.
Зауыт құрылысы қазақстандық инженерлер және құрылысшылардың күшімен жүргізілуде, олардың үлесі 90 пайызды құрайды. 10 пайыз автомобиль зауыттарын салуға маманданған шақырылған инженер-кеңесшілерге тиесілі.
Құрылыс кезінде қолданылған материалдардың 50 пайыздан астамын, ал кейбір позициялар бойынша 100 пайыз үлесін отандық өнімдер құрайды екен.
Компанияның еншілес кәсіпорындарына экскурсия барысында автокомпоненттер шығаратын өндіріс орны да назарға ұсынылды. Мұнда мультимедиа, орындықтар, пластик және резеңке бөлшектер шығару қолға алынған.
Mycar.kz: Санаулы уақытта автокөлік алыңыз
Түстен кейін медиатурға қатысушылар Mycar Almaty орталығында болды. Бұл – ат шаптырым аумаққа орналасқан Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі автоорталық. Осыдан екі жыл бұрын ашылған автоорталықта бүгінге дейін 18,5 мыңға жуық автомобиль сатылған. Осы жерде Mycar.kz маркетплейсінің презентациясы ұсынылды. Бұл жүйенің артықшылығы – үйде отырып санаулы уақыттың ішінде автокөлікті онлайн сатып алу.
Мамандардың сөзінше, бұл жүйе арқылы автокөлікті несиеге алуды жоспарлаған клиенттерге несие берудің ең қолайлы шарттарын таңдау үшін банк кеңсесіне барудың немесе әр банкке жеке өтініш берудің қажеті жоқ. Mycar.kz маркетплейсі клиенттерге бір онлайн өтініммен 8 банктен несие жағдайын алуды ұсынады. Клиент жаңа автокөлік таңдайды, қысқаша сауалнама толтырады және My credit сервисінің арқасында 15 минут ішінде 8 қазақстандық банктен автокредит шарты бойынша шешімдер алады. Одан арғы таңдау өз қалауыңызда.
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы»
Қызылорда-Алматы-Қызылорда
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<