Астана әкімдігі ресми сайтының хабарлауынша, жауын салдарын жою жұмысы тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Мамандар қатты жауын салдарынан су алған барлық орынды жедел анықтады. Жаңбырға қарсы тұру үшін 11 тазарту құрылғысы, 2 су сорғыш, 11-ге жуық насостық станция, 110 ассенизаторлық машина және басқа да техникалар жұмылдырылды. Айдалған судың көлемі сағатына 50 мың шаршы метрді құрады.
Су алған орындарға коммуналдық қызметтермен бірге Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов барды.
“Біз Қаладағы барлық осал орындарды білеміз. Мысалы, Тұран даңғылында алғашқы 20 минутта қатты құйып жауған жаңбырдан су жиналып қалды, сондықтан біз дереу ол жерге ҚР ТЖК-ның насостық станцияларын жеткіздік. Бұл сорғыш құрылғылар сағатына 7 мың шаршы метр суды қотарып айдады. Біз жаңбыр толастаған уақытта жиналған судың бірден кететін көрдік. Тағы бір проблемалық аумақ – Ақбұлақ шағын ауданы және Б.Момышұлы көшелері. Онда орналастырылған тазалау құрылғылары қазіргі таңда жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, ол жерде жол, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Біз Қаланың күннен күнге өзгеруіне байланысты жоба әзірлеп жатырмыз, қуаттылығын арттырып, 4 қосымша бассейн қоямыз. Қазіргі уақытта, уақытша екі насостық станция және бір үлкен станция қойылған. Олар 7 мың шаршы метр суды қабылдай алады. Екінші осал нүкте – Бараев көшесі. Жаңбыр тоқтаған соң 30-40 минут ішінде су тасқынын жоямыз және сағатына 50 мың текше метр суды айдап жатырмыз. Бұл тәулігіне шамамен 1 млн 200 мың текше метрді құрайды. Көшелердегі жаңбыр суын нөсерлік су кәріздері реттейді” – деді Астана әкімінің орынбасары түнгі рейд кезінде.
Бүгінде қаладағы нөсерлік канализациялар жүйесі 13 тазалау құрылғысынан және 3 сақтау тоғанынан, 18,9 мың бақылау және жаңбырсуы құдықтарынан, 398,8 км-ге тарта нөсер коллекторы магистральды коллекторларынан және науа арықтар жүйесінен тұрады. Олар 12,93 мың гектар аумақты үстіңгі су жиындыларының кетуін қамтамасыз етеді. Тазарту құрылғыларының жиынтық қуаттылығы тәулігіне 215,46 мың текше метрді құрайды.
Қазіргі жағдай нөсерлі жауын-шашынға қарамастан, бақылауда тұр. Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген деңгейде жұмыс жасап жатыр. Су тасқынының негізгі орындары қалпына келтірілген.
Синоптиктердің айтуынша, бір күннен аз уақыттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі айлық көрсеткіштен асып түсті. Ауа райы болжамы бойынша Астанадағы жаңбырлы ауа райы 3 тәулікке сақталады.
“Біз қазір Мәңгілік ел көшесінде тұрмыз. Сол жағалаудағы № 27 көше, Ұлы дала, Сығанақ, Керей мен Жәнібек көшелерінен келетін судың барлығы Тұран көшесіне қарай ағып жатыр. Онда біздің тазалау құрылғыларымыз орналасқан. Осының есебінен, көріп отырғандарыңыздай, барлық негізгі магистральдарды су алмаған. Яғни, барлық су кәрізі толыққанды жұмыс істейді”, – деді ол.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, әрбір ескерту кезінде алдын ала барлық тазалау құрылғысының жұмыс істеуі тексеріледі.
“Біз түсіп жатқан барлық өтінішті қарастырып жатырмыз, жұмыстар түні бойы жүргізілді”, – деп мәлімдеді Қосман Айтмұхаметов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<