Астық құны 50, ұн бағасы 15 пайызға қымбаттады

1577

0

Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев жазда 120-130 теңгеден сатылған бірінші сұрыпты ұнның келісі қазір 150-200 теңге аралығында екенін айтты.

«Үкімет қанша талпынса да, бағаны ретке келтіре алмады» деген мәжілісмен ұнның құны тағы да өседі деп отыр. Сәйкесінше, макарон мен нан өнімдері де қымбаттайды, – деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.


Өйткені, орылып алған астықтың көбі шетелге сатылып кеткен. Ал шаруалар өз қорындағы бидайды барынша қымбатқа сатады. Депутат Ғалым Әміреев тонналаған ұны бар кәсіпкерлер бағаның тағы өскенін күтіп, қымбатшылықты қолдан жасап отыр дейді. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы айда астықтың бағасы 50 пайызға, ал ұн 15 пайызға қымбаттаған.

Бұл күнделікті нан мен азық-түлік сатып алатын дүкендегі бағаға да әсер етеді. Елордадағы халық ас-су үшін ең көп баратын сауда орындарының бірінде жоғарғы сұрыптағы ұнның ең арзаны келісіне 228 теңге. Макарон өнімдерінің төрт жүз грамы 238 теңгеден сатылып жатыр. Ал, елу килограмдық ұнның көтерме бағасы өткен аптада 9 600 болса, қазір 10 200 теңге. Ұн қымбат, сәйкесінше нан да қымбат.

Халық ең арзан деген нанның өзі жүз теңгеден асып кетті дейді.

Ал оны тұрақтандыру үшін Депутаттар қандай ұсыныс айтты?

Бұл қымбатшылыққа биылғы қуаңшылықтың да зардабы тиген. Соның кесірінен енді астықтан түсетін өнімнің отыз пайызынан қағыламыз деген болжам бар. Оған қымбаттап кеткен дизель отынын қосатын болсақ нанның бағасы тағы да өсуі мүмкін.

Депутат Ғалым Әміреев бәрін көріп, біле тұра энергетика және ауылшаруашылығы министрлігіндегілердің ештеңе бітіре алмай отырғанына ашынады. Сол үшін Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдан Үкімет резервінен қосымша қаражат бөлуді сұрап отыр.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ мен тұрақтандыру қорларына Үкімет резервінен қосымша бюджет қаражатын бөлу мәселесін шешуді сұраймыз, бұл кейіннен нан, жарма және макарон өнімдері бағасының тұрақтануын қамтамасыз ететін болады», – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев.


Шикізатқа, яғни бидайға сұраныс артқан сайын бағасы қымбаттай береді.

Сарапшылар бидайдың тоннасы жүз елу мың теңгеге дейін жететінін болжап отыр. Бидай өңдеушілер одағының вице-президенті Таисия Колегова шаруалар өз қорындағы бидайды жаңа жылға дейін ұстап, одан кейін қымбатқа сатады деді. Қазірдің өзінде макарон өнімдері былтырғымен салыстырғанда 11 пайызға қымбаттаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<