Асыл қазынаны ардақ тұтқан

416

0

Асыл қазынаны ардақ тұтқан Қазалының кітапқұмар жұрты тегіс танитын Злила Мұстафаеваны қашанда қарбалас шаруаның ортасынан табасыз. Бірде кітапханада өтетін мәдени шараның басы-қасында жүрсе, кейде  жас мамандармен өзі­нің осы саладағы мол тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып қанаттандырып отырғанын көресіз. Әсілі, «қанат ұшса қатаяды» деп текке айтылмаған. Мұндай пайдалы кеңестен соң еңбек жолын жаңа бастаған маманның бойында өзіне сенім, жұмысына деген құштарлық қалып­тасатыны тағы рас.

Зояның әкесі, марқұм Шүйіншалы көкеміз байырғы ұстаз бола­тын. Ұлы Отан соғысының ар­дагері Шөкең аса мейірімді, парасаттылығына қоса білімді де өнерпаз жан еді. Осынау өнерге жақындық көкеміздің ұрпақтарының бойына да дарыған. Кезінде Берік, Серік есімді ұлдары гитарада жақсы ойнап көзге түссе,  немересі Абай мектепте жүргенде мықты әнші ретінде көрермендерінің талай қоше­метіне бөленді. Злиланың кітапқа деген құштарлығы әкенің қанымен дарыған десек, артық емес. Оқу-білімге құштарлық жыл алға жылжыған сайын одан әрі маздай түсті. 

«Сексенінші жылдардың ор­та шенінде  қазіргі Жанқожа ба­тыр ауылын­дағы орта  мектепті тәмамдап, өзге де клас­тастарымен бірге  «Армандастар» атты комсомол жастар бригадасында  еңбек еттім.   Осынау жалын жігерлі жас­тардың легі ауылдағы тынымсыз еңбекке араласа жүріп, бос уақыттарында мәдени-рухани шараларға да бел­сене атсалысушы еді. Сол тұста Базар апай басқаратын ауыл кітап­ханасына жиі баратынбыз. Шағын оқырмандар залында отырып кітап деген құдіретті әлемге бойлап еніп, ақын-жазушылардың әлемдік деңгейдегі шығармаларымен су­сын­дап өстік» деп өткен кезеңді сағынышпен  еске алады  Злила Мұстафаева.

Осы ізденімпаздық дағды сол тұс­­тағы аудандық мәдениет бөлімі­нің басшысы Есқара Көмекбаевтың кабинетінде орталықтандырылған  кі­тап­­ханалар жүйесінің директоры  Маржан Қарабалаевамен жүздесуге ұласты. Танымал ақын Есқара ағасының кітапхана директорына «мына қызымызға Қызылорда қала­сындағы біржылдық кітап­ханашылар даярлайтын курсқа жолдама беріп отырмын. Оқуын аяқтағаннан кейін осын­да келіп  жұмыс жасай­ды» деген сөзі әлі  есінде. Ауыл мек­тебінде алған білім­нің сапалылығы оқу бары­сында кәдеге асты. Бұл өзгелердей көп қиналған жоқ. Оған қоса Ш.Сәруарова, К.Сисекеева, Л.Платонова, Н.Беляева сынды, тағы басқа да кітапхана саласының майталмандарынан алған тағылым талабын шыңдай түсті. Мұнан соң Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесін, кейін  Шымкенттегі М.Әуезов Мемлекеттік универ­ситетін «Кітапханатану және библио­графия» мамандығы бойынша бітір­ген Злила Шүйіншалықызы әдісте­мелік-ұйымдастырушылық, кәсіби оқы­рмандарға қызмет көр­­сетуде  өткізілетін ауқымды іс-шара­лардың өз дәрежесінде жүр­гізілуіне машықтанды.

«Жақсының жақсылығын айт» деген бар. Кітапхана қызмет­кер­лері­нің  жаңа технологияны игеруіне, бар­лық бөлімдердің жұмыс орындары автоматтандырылып, РАБИС  бағдар­ламасы аясында  5 модуль бойынша жұ­мыс жасап, электронды қордың толық негізде жүргізілуіне мекеме басшысы Индира Назарованың сіңірген еңбегі ерекше» деген кейіпкеріміздің сөзінен ұжымына арналған құрмет нышанын анық аңғардық.

Злиланың осы мамандықты таң­дап, қызметке араласқанына да   30 жылдан астам уақыт өтіпті. Оның Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталып, Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрме­сінің ашылу салтанатына қатысуы әріп­тестерінің ілтипаты, ұжымдағы беделінің арқасы екені  даусыз. Қазіргі таңда Қазалы аудандық орталық кітапханасының оқыр­мандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі З.Мұстафаева – іргелі ұжымдағы беделі зор, тәжірибелі де білікті маманның бірі.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<