Жастар қай кезде асқақ арман, өр намыстың символы болып саналады. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» деген Алаш ақыны Мағжанның жыры – өмірлік мәнге ие.
Жастар – мемлекеттік құрылымдағы ең үлкен әлеуметтік топ. Оларды болашақ демографиялық дивиденд десек те болады. Бүгінгі жастардың көбі тәуелсіз елде дүниеге келгендер.
Сондықтан мемлекетіміз жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, көптеген жобалар арқылы жастардың ел ісіне белсене араласуына жол ашып отыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп, бүгін мен болашақтың жүгін сеніммен жүктеді.
Сыр елінің жастары қашан да қайсарлығымен, белсенділігімен жарқын болашаққа ұмтылуға құштарлығы арқылы артылған сенім үдесінен шығып келеді.
Жастардың белсенділігі мен отаншылдық сезімін танытқан биылғы Халықаралық жастар күні «Жастармен бірге» атты ұлттық онкүндік ретінде қалада және аудандарда аталып, мәресіне жетті.
Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, онкүндік аясында аймақта «Мүмкіндіктер алаңы» шарасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы, спорттық шаралар, «Дені сау жас – ел болашағы» атты медициналық кеңес беру, «Адал азамат» бейресми кездесулері, «Игі істер марафоны» қайырымдылық акциясы, «Түнгі кітапхана», «Ziyatker quest» интеллектуалды сайысы, «Донор бол» акциясы, «Аспан синема» шаралары өткізілді.
Жалпы осы бағытта облыс бойынша 385 шара ұйымдастырылса, онда 50 мыңға жуық жастар қамтылған.
12 тамыз күні Қызылорда қаласындағы «Достық үйі» алаңында Халықаралық жастар күніне арналған «Жастармен бірге» атты онкүндік қорытындыланды.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қоғамның қозғаушысы – жастарды төл мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сыр еліндегі жастар саясатына қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Қазір елімізде жастар саясатына қатысты барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның бір дәлелі – Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылды.
Президентіміздің, Үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен аймақ жастарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді.
Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін аймақта алғаш рет облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей қодауымен «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» қабылданды. Нәтижесінде жыл басында 60 жас отбасы қоныс тойын тойласа, жақын күндері 40 жас отбасыға пәтер кілттері табысталмақ.
Биылғы жылы білімді жастарымызды қолдау мақсатында дәстүрге айналған аймаққа қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды. Бүгінге дейін 1425 жас грант иегері атанды.
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, оларға кәсіппен шұғылдануға қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында қаржылық қолдау бағдарламасы арқылы несие портфелі 3,7 млрд теңге болатын жас кәсіпкерлердің 130 жобасы субсидияланды. 2,1 млрд теңгеге жас кәсіпкерлердің 115 жобасы бойынша кепілдік шарты жасалса, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жас кәсіпкерлердің 48 жобасы қаржыландырылды.
100 мың жасты жұмыспен қамту тапсырмасына сәйкес биыл аймағымызда 6 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылады.
Бүгінде облыс көлемінде NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге барынша күш-жігер жұмсалуда. Осы мақсатта арнайы Жол картасы қабылданады, – деді ол.
Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары байрақты бәсекелерде көк тумызды желбіретер болашақ чемпион жастарымыз үшін заманауи 10 мың орындық стадион, үстел теннисі орталығының құрылысы басталса, алдағы уақытта көпфункционалды «Қызылорда арена» кешенін салу жоспарланып отырғанын айтты.
Мерекелік шара барысында Ш.Байманов төрт жасқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, 10 жасқа облыс әкімінің Алғыс хатын табыстап, «Тәуелсіздік ұрпақтары» облыстық сайысының 5 жеңімпазын марапаттады.
«Достық үйі» алаңына жиналған жүздеген жастардың төл мерекесі «OPEN AIR» жастар фестивалімен қорытындыланды.
«Ilhan» және «Baha» секілді еліміздің танымал жұлдыздарының және белгілі шоумендер Нұрлыбек пен Ақылбектің өнері шаттыққа бөлеп, мыңдаған жас кеудеге шуақ құйды.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<