Ата-ана салған ардақты жол

306

0

Әкем Мұстафа Құлтанұлы 1929 жылы 29 мамырда Шиелі ауданында дүниеге келген. Әкесі – Құлтан, анасы – Қалкүл. Ағайынды үшеу: Әбдраман, Гүлсім, Мұстафа.

Атамыз Құлтан егін егіп, мал шаруашылығын дөңгеленткен. Ырыс-берекесі ұрпағынан-ұрпағына бе­рілген. Әжеміз Қалкүл бала тәрбиесіне де, үй шаруасына да өте мықты болған. Шаңырақтың ырысы мен берекесі сол кісінің қолында еді.

Мұстафа әкеміз жастайынан оқу оқыды. Қызылорда қаласында ауыл­шаруашылық техникумының агро­номдық бөлімін ойдағыдай бітірді. Сұлутөбенің «1-Май» бөлімінен бастап, көп жыл агроном болды. 1953 жылы Тартоғай ауылында агрономдық жұмыс жасады. 1975 жылдан бастап, ауылдық советте бас бухгалтер болды. Қызметін адал атқарды. Мектеп, балабақша қисап­тарын өте сауатты есептеді. Барлық ісіне тиянақты зор жауапкершілікпен қарады. Зейнетке шыққанша абыроймен халыққа қызмет жасады. Адал қызметінің арқа­сында халықтың алғысын алды. Ұл өсірді, қыз өсірді. Барлығын өз ұяларына қондырды. Балалары бір-бір шаңырақ иесі болды. Ұрпағы өсіп үлкен әулетке айналды.

Немере-шөбере сүйді. Шөберенің қолынан май жалады. Қазір 50 шақты немересі бар, 20-дан астам шөбере бар. Әкем домбырада күмбірлетіп күй тартты. Күйші еді. Жұмыстан келгенде домбыра шертіп отыратын. Ман­далинде керемет ойнайтын. Бойында осындай өнері де бар еді.

Өте ұқыпты киінетін. Жеңгелері «басында шляпа, үстінде плащь» деп әзілдейтін. Ара-тұра әзіл айтып, күлдіріп те қоятын. Айта берсек әкеміздің тек жақсылығын көрдік. Абыроймен зейнетке шықты.

Анамыз Күлжәмилә Ысқаққызы 1932 жылы 1 наурызда Шиелі ауданында дүниеге келген. Әкесі – Ысқақ, анасы – Әшіркүл. Нағашы ата­мыз Ысқақ елге сыйлы, дініне берік, молда болған ардақты жан. Ол арабша сауатты, ілім-білімге жетік, дін жолын терең меңгерген кісі еді. Шариғат қағидаларын ұстанып, артындағы ұрпаққа имандылық пен парасаттың үлгісін қалдырды. Нағашы әжем Әшіркүл он саусағынан өнер тамған ісмер жан. Қамзол, шапан, ішіктерді тігіп, бүкіл елге танылған шебер болған. Осы өнер анамызда да бар еді. Бау-басқұр, кілем тоқып, бөкебайдың жіптерін иірген. Өте ақылды, жігерлі, мейірімді, іскер, адал, асыл ана еді. Қанша жақсы сөз болса соған лайық ардақты жан. Мектеп-интернатта еселі еңбек етті. Балаларының жарқын болашағы үшін тынбады.

Сауда саласында да жұмыс істеді. Істеген әрбір ісі балаларына өнеге болды. Себебі анамыз өте еңбекқор жан еді.

Асыл анам мен ардақты әкемнің арқасында жетілдік. Барлығымызды ауызбіршілікте болуға тәрбиеледі. Өнегелі тәрбие мен тәртіпті ұрпаққа жалғастыруды ұқтырды. Адамды қадірлдеуді, құрметтеуді, сыйлауды біздер ата-анамыздан үйрендік. Адам­гершілікті бойымызға таратты. Жақсы тәрбие болашақ ұрпағымызға негіз болып қаланды. Бұл әулеттің ұстаны­мына айналған игі жол.

Күләнда ҚҰЛТАНОВА