Ата Заң ардақталған сәт

645

0

Биыл ел Конституциясының қабылданғанына 28 жыл. Мемлекет үшін айтулы мереке әрбір қазақстандық үшін айрықша маңызға ие. Сыр елінде де Ата Заңды ұлықтаған мерейлі сәт Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық-драма театрында өтті. Салтанатты жиында Мемлекеттік Ту аясында еліміздің Әнұраны шырқалды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев барша Сыр жұртшылығын маңызы зор мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституция күнімен құттықтады. Аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдарында құқықтық жүйенің тиімділігі арқасында еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда әлеуетті табыстарға қол жеткізіп, іргелі мемлекеттер қатарына қосылғанын атап өтті.

– Бүгінде ынтымағы жарасқан, берекесі артқан өңірімізде Мемлекет басшысы тапсырмаларын іске асыруда, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени салада оң динамика бар. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында биылғы тамыз айында облыс бюджетінің көлемі 604 млрд 100 млн теңгеге жетті. Өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда бюджет 220 млрд теңгеге, яғни 56,2 пайызға көбейді. Бұл ауқымды қаражат аймағымыздың ең өзекті деген мәселелерін шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады. Аймақта құрылыс жұмыстарының көлемі 48 пайызға, инвестициялар тарту 24,2 пайызға, сауда көлемі 3,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 2 пайызға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,1 пайызға артты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы қалыптасып, оған құны 979,7 млрд теңгеден асатын 46 жоба енгізілді. Индустрияландыру аясында өңірде құны 607,7 млрд теңгені құрайтын 34 жоба жүзеге асырылуда. Соған сай 6,3 мың жұмыс орны құрылатын болады, – деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шарада өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа марапат табысталды. Айта кетейік, өткен жылдан бері маңызды мерекелік шараларда «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын беру дәстүрге айналды. Бүгінгі салтанатта «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы 1990-1993 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, 1995-1999 жылдары Парламент Сенатының депутаты ретінде Тәуелсіз еліміздің алғашқы заңдарының қабылдануына атсалысқан, өңіріміз бен еліміздің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан «Құрмет» орденінің иегері, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы, ҚР еңбегі сіңген эколог Биғали Қаюповқа табысталды.

Марапат иесі көрсетілген құрметке алғыс білдірді. Сонымен қатар, бірқатар белсенді азаматтар марапат иеленді.

Салтанатты жиын рухты жырлармен, мазмұнды музыкалық қойылымдармен сабақтасқан мерекелік концертке ұласып, көрерменге керемет әсер сыйлады.

Еске салсақ, Конституция күнін атап өту аясында өңірде бірқатар маңызды, мазмұнды іс-шара ұйымдастырылуда. Дүйсенбі күні Шиелі ауданында 70-тен астам отбасы қоныс тойын тойлап, заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Осы күндері облыс орталығында бірнеше мерекелік шара өткізілуде.

Биыл Сыр өңірінде жағымды жаңалық көп.  Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулына енген жобаларға қоса құны 13,4 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Бұл өңірге келетін инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл облысқа 424 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады.

Жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен кредит беру туралы Президент бастамасы аймақта айрықша қолдау тапты. Республикалық бюджеттен 1 млрд 285 млн теңге қаржы бөлінді. Өтінімдерді өңірлік бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия қарап, 264 жас кәсіпкер 1 млрд 209 млн теңгеге оң қорытынды алды. Нәтижесінде 172 жас өз кәсіптерін бастады (787,9 млн теңге).

«Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» негізінде ауылды қолдау бағытында бірқатар жобалар қолға алынды. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты», «Дипломмен – ауылға!» жобалары бойынша биылға 17 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Аталған қаржы елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар құрылысын салу мен жөндеуге, мамандарды әлеуметтік қолдауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 46 ауылда 216 жобаны жүзеге асыруға 11,6 млрд теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 5 бағыт анықталып, негізгі басымдық өңдеу, кооперативтерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша егін және  мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге берілді. Қазіргі уақытқа 1 млрд 564 млн теңгенің 329 жобасы қабылданған.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<