Ата заңды ардақтау – азаматтық борыш

415

0

Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Сахна төріне алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы әкелініп, Гимні орындалды. Аймақ басшысы Сыр жұртшылығын еліміздің ең басты мемлекеттік мерекесімен құттықтап, Ата заңды ардақтау – әрбір қазақстандықтың асыл парызы екенін атап өтті.

– Президент бастамасымен 2022 жылы әділетті Қазақстан орнату мақсатында өткізілген референдумда халық ауқымды конституциялық реформаға бірауыздан қолдау білдірді. Ата заңға маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару моделін жаңғыртуға бірден-бір негіз бола білді. Халқымыздың әл-ауқаты артып, ел экономикасы одан әрі дамыды, – деді облыс әкімі.

Баяндама барысында өңірде атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар туралы сөз болды. Жыл басынан бері барлық көзден 296,1 млрд теңге инвестиция тартылды. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш жарты триллионнан асады деген болжам бар. Осыдан екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд теңге болса, бүгінде 733 млрд теңгеге дейін өсті. Ол негізінен аймақтағы ең өзекті мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталып отыр. Атап айтқанда, биыл ұзындығы 300 шақырымнан асатын автомобиль жолы жөндеуден өтеді.

Бұдан кейін сапалы жолдар үлесі 92 пайыздан артады. «Сексеуіл, «Төретам» кенттері, «Абай», «Ақсу», Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, «Алмалы», Досбол датқа, «Бестам», «Төменарық» ауылдарына газ барады. Сөйтіп, өңірдің табиғи отынмен қамтылу көрсеткіші 78 пайызға жетеді. Халықты орталықтандырылған ауызсумен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешіледі. Соңғы 2 жылда тұрғындарға 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың адамның баспана мәселесі шешілді. Осылайша тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға жетті.

– Қаламызда 10 мың орындық орталық стадион, «Оқушылар сарайы», музыкалық колледж, үстел теннисі орталығы, өлкетану музейі бой көтеріп келеді. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынуда. Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған орталық алаң демеушілер есебінен жаңғыртылды. Бұл – қолға алынған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады. Осындай берекелі істеріміз бірлікті бекем ұстап, татулықты ту еткен өңір тұрғындарының ауызбірлігінің арқасында іске асуда. Аталған жұмыстардың барлығы азаматтарымыздың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді облыс басшысы.

Салтанатты іс-шарада заң үстемдігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жерлестеріміз мерекелік марапатқа ие болды. Сот саласының ардагері Зина Жаңбыршаева, ұлттық қауіпсіздік органдары мен Ауған соғысының ардагері Марат Аманқұлов, Қызылорда қаласы прокурорының орынбасары Ұзақбай Дәуқараев, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Ұзақбай Оразгелді және өзгелер облыстың ең жоғары наградасы – Құрмет грамотасына ие болды. Тағы бірқатар азамат облыс әкімінің алғыс хатына лайық деп танылды.

Салтанатты жиын облыс өнерпаздарының мерекелік концертімен қорытындыланды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<