«Атамекен» ауылы

306

0

Қызылордадағы «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы 2015 жылы 1 маусымда ашылған еді. Онда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға білім мен тәрбие беріледі. Бүгінде мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы түрлі ұлт өкілдерінің балалары тәрбиеленуде.

Балалар ауылының басты миссиясы – жеткіншектердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті, зияткер тұлға етіп тәрбиелеу, отбасындағыдай жағдайда тәрбие бере отырып, әлеуметтік ортаға толық бейімдеп шығару. Мұндай үлгі, біріншіден, балалардың бір үйде тәрбиеленуіне мүмкіндік береді, екіншіден, олар өз-өзіне қызмет көрсетуге дағдыланады, яғни, күнделікті ас дайындауға, үй жинауға, үй шаруасымен айналысуға үйренеді. Сонымен қатар өзін-өзі басқару арқылы отбасындағы шығыстарға қатысуға және сатып алуға, төртіншіден, білім мекемесін таңдау құқығын және бос уақытты тиімді ұйымдастыруға жаттығады. Ал мұндағы ана-тәрбиешілер ашық конкурс негізінде «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» туралы заң және «Ана-тәрбиешілерге қойылатын талаптар» ережелеріне сай қабылданады.

Қосқабатты 8 үй мен әкімшілік ғимаратынан бөлек, балалар ауылында баскетбол, волейбол және басқа да спорттық ойындарға арналған үлкен алаң, әткеншектер мен бүлдіршіндерге арналған түрлі ойын орындары бар. Әрбір ғимарат 10 балаға арналған жатын, қонақжай, ойын бөлмелері және сабаққа даярлық бөлмесі, барлық санитарлық талаптарға сәйкес санитарлық-гигиеналық жуыну бөлмелерімен, заманауи талапқа сай техникалық құрылғылармен жабдықталған. Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен үйлерге «Үшқоңыр», «Байқоңыр», «Ақжайық», «Оқжетпес», «Ұлытау», «Мадияр» және «Сарыарқа» атаулары берілген.

– Балалардың бойына ұлттық құндылықтарды, өзіне-өзі сенімді болуды, халқымыздың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін құрметтейтін елжандылықты сіңіреміз, жұмысымыз бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға негізделген. Алғаш ашылған күннен бері 83 бала түлеп ұшты. Жасаған жұмыстардың нәтижесінде 25 түлек ЖОО-ға, 58-і арнаулы орта оқу орнына түсті, 48-і тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, 20 шақты түлегіміз отбасын құрып, отау тігіп отыр. 8 бала мемлекеттік білім грантын жеңіп, шәкіртақы алады.

Қазір ауылда 51 тәрбиеленуші бар. Кейінгі үш жылда 62 бала тіркеліп, балалар ауылының бағдарламасына сай тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ең маңызды мәселенің бірі – балаларды отбасына орналастыру. Осы уақытқа дейін 39-ы отбасына қабылданып, ана-тәрбиешілер мен ұстаздарының ыстық ықыласынан соң олардан кем емес жылы орта тапты. 14 бала патронаттық, 17-сі қамқоршылық-қорғаншылық тәрбиеге берілді. Ал 8 бала туған ата-анасына қайтарылған, – дейді «Атамекен» балалар ауылының директоры Лиза Ноғайқызы.

Кішкентайынан бойындағы қабілет-қарымын танытып, дарынымен дараланған үздіктер қатары да көбеюде. Мәселен, балалар ауылының оқушысы Ерсұлтан Қыпшақбаев «Жаңа Қазақстанның үздік 100 дарынды оқушысы» төсбелгісінің иегері атанса, Алена Митрофанова «AQYL-OI» республикалық ғылым-білім дамыту орталығы ұйымдастырған «Element-2023» І республикалық кешенді пәндік олимпиадасында гуманитарлық бағыт бойынша І орын және «Ұлы дала баласы» ұлттық білім сайыстарының халықаралық кезеңінде бас жүлде алған. Михаил Турсунов есімді шәкірт спорт шеберлігіне үміткердің бірі, 2022 жылдың тамыз айында Малайзия елінде муайтайдан өткен Әлем чемпионатының қатысушысы, 2022 жылдың «Үздік спортшысы» атанып үлгерген.

Басшының айтуынша, кейінгі жылдары Үкімет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Балалар ауылына келіп түскен күннен бастап олардың жеке құжаттарын толықтыру, тұрғын үй кезегіне қою және пәтер алуға жағдай жасау – бірінші кезекте атқарылатын іс. Бітіруші түлектер мамандық алуы үшін мемлекеттік грант, әкім гранты, университет ректорының грантымен қамтамасыз етіледі.

Балалар арасында ауыл президенті тағайындалып, қарамағында 8 министрімен бірге ауылдың дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. «Оқуға құштар ауыл», «Жастар парламенті», «Балалар және театр», «Дебат қозғалысы», «Еңбек – менің мұратым» жобалары да жеке тұлға ретінде қалыптасуына, талантын танытуға бағытталып отыр.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<