Атақ қорғалды. Алайда…

521

0

13 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан Palms Casino Resort кешенінде «Қазақ стилі» лақап атымен танымал қазақтың кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атағын қорғады. Ол бұл жолы британиялық Дензел Бентлимен жұдырық түйістірді.

Бұған дейін WBO нұсқасының басты қаһарманы саналып келген америкалық Андраде Деметриустің басқа салмаққа ауысуына орай тамыз айында алтын белбеу Әлімханұлына ресми түрде табыс етілген еді. Ал сол атақты қорғау үшін 27 жастағы Ұлыбритания өкілі таңдалған.

Оның да себебі жоқ емес. Өйткені кәсіпқой боксты серік еткеніне небәрі бес жыл өтсе де Лондон тумасы 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жеткен қарымды боксшы. Ол 14 қарсыласын бет қаратпай ұтып, нокаутқа жіберген. Тіпті, екі дүркін Ұлыбритания чемпионы атанған. Ал Жәнібектің жүріп өткен жолы көпке белгілі. Ол әуесқой бокста да біраз белесті бағындырды. Сөзіміз құрғақ болмасын, осы тұста дәлел келтіре кетейік. Ол Азия және Әлем чемпионы атанып, Азия ойындарында топ жарды. Рио Олимпиадасында да ширек финалға жетіп, өзінің мықтылығын тағы бір мәрте делелдеген болатын. 2016 жылдан бері кәсіпқойлар арасында бақ сынаған ол 12 кездесу өткізіп, қарсыластарын ойсырата жеңген. 8 қарсыласын нокаутқа жіберген.

Қош. Енді бокс кешіне ойысалық. Жекпе-жектің басынан ағына дейін Жәнібектің басымдығы байқалып тұрды. Бірінші раундта отандасымыз Әлем чемпионы атағы кімге тиесілі екенін анық аңғартқысы келді. Себебі алғашқы үш минутта жерлесіміз жекпе-жек барысын өз қолына алып, ринг ортасын иемденді. Ал екінші раундты қос боксшы да белсенді бастады. Сол раундта Әлімханұлы қарсыластың осал тұсын аңдып, дәл соққылар жасады. Британ өкілі де арагідік жұдырық жұмсап үлгергенмен, айтарлықтай дарыта алмады.  Үшінші және төртінші раунд та Жәнібектің айқын басымдығымен өтті. Өйткені Бентлиді бұрышқа тақап, төрт-бес соққыдан құралған әдемі комбинация жасады. Ал қарсылас қорғануымен ғана жүрді. Осылайша, отандасымыз қарсыласын  біраз  қыспаққа алды. Ал одан кейінгі екі-үш раундта керісінше қарсылас соққыларын жиі дарытты. Ал Жәнібек тек қарымта шабуылмен ғана шектеліп жүрді. Соңғы екі раундта отандасымыз әжептәуір соққылар жасады. Бірақ нокдаунға не нокаутқа түсіре алмады. Сонымен бокс кеші 12 раундқа дейін созылды. Соңында төрешілердің бірауыздан қабылданған шешімімен Жәнібек басымдыққа ие болды. Осылайша, қазақ боксшысы WBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Еске салайық, бұл оның 13-жекпе-жегіндегі 13-жеңісі.

– Бұл – бокс. Әрине, бұл араға спортшылар мықты дайындықпен келеді. Қарсыласым да өте жақсы дайындалып келіпті. Алайда, бүгінгі кеште басым түстім. Бұл менің алғашқы 12-раундым. Бүгінгі айқас әлі де үйренетін нәрселерім барын көрсетті, – деді Жәнібек бокс кешінен соң.

Иә, бұл сөзінің жаны бар. Өйткені «Қазақ стилі» Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Алварестің трилогиясынан соң «Канелода» кеткен есені қайтарамын деген болатын. Ал біздіңше, ондай алыптармен жұдырықтасып, жеңіске жету үшін Бентли сияқты жас жігіттерді «шайнамай жұтуы» керек еді.

Несін жасырайық, Жәнібекке біраз еңбек керек. Құр сөз қалқан емес!

Дайындаған

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<