Атаулы жылдың жоспары әзірленді

132

0

«Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының қорытынды іс-шарасы өтті. Оған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, «Қоғамдық келісім» КММ серіктес мекемелерінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шара облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту бағытында атқарған жұмыстары көрсетілген бейнероликтен бастау алды.

Мұнан соң облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уалихан Ибраев сөз алып, облыстық ҚХА-ның жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудағы орнын ерекше атап өтті.

– Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде, жалпыұлттық бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Сан түрлі этнос өкілдерін бір мақсатқа, бір мүддеге топтастыру арқылы елдігіміздің қалыптасу, тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында айрықша рөл атқарып келеді.

Бүгінде елімізде бір шаңырақтың астында 100-ден астам, оның ішінде Сыр өңірінде 35-ке жуық этнос өкілі берекелі бірлік пен тату тірлікте өмір сүруде. Халқымыздың «Тілі басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да, білек бір»  деген даналығының түпкі мәні де осы, – деген ол ҚХА-ның 30 жылдығына орай өтетін шаралар жоспарына да тоқталды.

– Келер жылы Ассамблея институтының 30 жылдығы атап өтіледі. Сыр өңірінде іс-шаралар жоспары әзірленді, оның бәрі іскерлік сипатта өтеді. Жоспарда «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалар өзара үйлесім таппақ. Ассамблеяға жүктелген міндеттер шеңберінде облыстық басқармалар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері, түрлі деңгейдегі қоғамдық құрылымдар, ақсақалдар және аналар кеңестері, медиация кеңесі, ғылыми-сарапшылық топ, журналистер мен сарапшылар клубы, ассамблея жастары барлығы да мемлекеттік этносаралық саясатты ілгерілету, еліміздің бірлік пен бірегейлікті нығайту бағытындағы қызметін жүйелі және нәтижелі атқаруына атсалысатын болады, – деді.

Айта кетейік, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы түрлі этнос өкілдерімен тығыз байланыс орнатып, игі істердің бастамашысы болуда. Биыл түрлі форматтағы 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырды. Мәселен, отбасындағы әке рөлін арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ел бірлігін сақтау мақсатында  ақсақалдар кеңесі бірнеше отырыс өткізсе, этномедиация бағытын дамыту бойынша да бірнеше жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ республикалық Аналар кеңесінің 10 жылдығына орай Сыр өңірі аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы оң бағасын алды.

Ғылыми-сарапшылық топ аймақтағы этносаралық ахуалды ғылыми тұрғыда талдап, жүйелі жүргізілуіне септігін тигізуде. Алдағы уақытта жас ғалымдар арасында жоба байқауларын ұйымдастыру, жас ғалымдар клубын құру жоспарлануда. Клуб құрамына педагогикалық, экономикалық, әлеуметтік бағытта білім алып жүрген жас ғалымдар қосылатын болады. Сонымен қатар өңірдегі 30-дан астам этнос өкілінің тарихын зерттеп-зерделеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Сыр өңіріндегі көп этностың тарихы» жинағын шығармақ.

Мұнан бөлек жастарды қоғамдық келісім негізінде топтастырған «Ассамблея жастары» өңірлік ұйымы түрлі шаралар мен акциялар ұйымдастырып келеді. Маусым айында туған өлкенің тарихи-мәдени мұралары мен құндылықтарын тануға бағытталған «Өз еліңді таны!» экспедициясы ұйымдастырылды. «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясындағы 32 шараға 3000-ға жуық адам қатысты. Этнос өкілдері тұратын аудандар мен ауылдарда да «Көш керуен» акциясы өтті.

Жалпы ізгі құндылықтарды сақтап, оларды дамыту жолында ассамблея институты қоғамның барлық саласында белсенді жұмыс атқаруда.

Жиында этносаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат марапатталды. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен Юрий Фотиади, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының Құрмет грамотасымен  облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрмұрат Ерманов, Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Жақсыгүл Тоғанова марапатталды.

Салтанатты іс-шара этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертімен жалғасты.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<