Атқарушы жазбалар даусыз талаптарды шешуді жеңілдетеді

3218

0

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап нотариустарға   атқарушылық жазбалар жасау құқығы берілді.

Атқарушылық жазбаларын жасау шарттары мен тәртібі «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі-Заң),  Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №31 бұйрығымен бекітілген Нотариустардың нотариаттық іс–әрекеттер жасау Ережесімен, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі Ережесімен, Республикалық Нотариаттық Палатасының Басқармасының 2016 жылғы 9 наурыздағы №3 шешімімен бекітілген атқарушылық жазбасын жасау жөніндегі әдістемелік ұсынымдары негізінде жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда атқарушылық жазбаларын жасау тәжірбиесі қалыптасты, оның жасалуын реттейтін нормаларды іске асырудағы тиімді жақтары мен проблемалары анықталды.

Республика бойынша егер 2016 жылы нотариустар тек 950 атқару жазбаларын жасаған болса, 2017 жылы – 24852, ал 2018 жылы – 253504, яғни бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының нотариустары жасаған атқарушылық жазбаларының саны 100 есе артқан.

Қызылорда облысы бойынша нотариустармен 2016 жылы – 3, 2017-6, 2018-670, 2019-4094, 2020 жылдың 1 жартыжылдығында 3846  атқарушылық жазбалары жасалған.

Бұл деректер даусыз берешектерді өндіріп алудың осындай тәсілінің тиімділігі және оның қоғамдағы қажеттілігін көрсетеді.

  Нотариустардың атқарушылық жазбаларын жасауы азаматтық құқықтық қатынастардың негізгі қағидаты – адалдықпен келісіледі, азаматтар мен заңды тұлғалар оларға тиесілі құқықтарды адал, ақылға қонымды және әділ жүзеге асыруына әрекет етуін көрсетеді.

 Атқарушылық жазба институты даусыз сипаттағы талаптарды тез және тиімді шешуді қамтамасыз етуге қабілетті маңызды құқықтық құралдардың бірі болып табылады, құқықтық инфрақұрылымның ажырамас бөлігі болып табылатын және бірқатар құқық қорғау институттарына жататын нотариусқа оның функцияларын орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін азаматтық айналымдағы кредиторлардың мүдделерін қорғау құралы.

Атқарушылық жазба Қазақстан Республикасының Конституциясына және онда белгіленген меншік құқығын қорғау принциптеріне қайшы келмейді.

Бұдан басқа, атқарушылық жазба меншік құқығын қорғаудың халықаралық-құқықтық тәсілдеріне сәйкес келеді және соттарды даусыз сипаттағы істерден босату жолдарын іздеу үрдісіне сәйкес келеді.

Нотариустың атқарушылық жазбаны жасауы сот жүйесінің органдарының жұмысымен алмастырылмайды, алайда даусыз талаптарды шешу процесін жеңілдетеді және жеделдетеді. Бұл ретте нотариустың қадамдық қол жетімділігі және өндіріп алушының кез келген нотариусқа атқарушылық жазба жасау үшін жүгіну құқығы, сондай-ақ қаржылық шығындарды және атқарушылық жазбаны жасау мерзімдерін қысқарту негізгі артықшылық болып табылады.

Заңның 92-1 бабының 1 бөлігіне сәйкес борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазба жасайды немесе тиісті қаулы береді.

Ереженің 217 тармағына сәйкес, атқарушылық жазба өндіріп алушыға тиесілі белгілі бір ақша сомасын борышкерден өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті талап ету туралы нотариустың өкімін білдіреді.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 9-бабының 1 бөлімінің 11) тармақшасына сәйкес, атқарушылық жазбалар кредитордың мәжбүрлі тәртіппен қанағаттандырылатын атқарушылық құжаты болып табылады.

Атқарушылық жазба жасалған кезде ақша не өзге де жылжымалы мүлік өндіріп алуға жатады.

   Заңының 92-2 бабына сәйкес атқарушылық жазба біріншіден егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса, екіншіден егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады. Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.

Өндіріп алушының борышкерге қоятын талаптарының даусыздығы нотариустың атқарушылық жазбаны жасауының негізгі шарты болып табылады және өндіріп алушы берген және қойылатын талаптардың даусыздығын растайтын құжаттар бойынша анықталады. Нотариус ұсынылған құжаттар бойынша талаптардың даусыздығын ғана тексереді.

Нотариус өндіріп алушыдан қарыздың болу фактісін, сондай-ақ оның мөлшері бойынша Тараптар арасында даудың бар-жоғын анықтауға тиіс. Осыған байланысты өндіріп алушы тиісті құжаттарды, мысалы, берешек фактісінің болуын растау үшін тараптар арасында жасалған шартты: белгілі бір күнге шарт бойынша берешек тараптарының салыстыру актісін, міндеттемені бұзу не борышты тану фактісі бойынша тараптардың хат алысуын немесе т. б. өзара есеп айырысу туралы құжаттарды ұсынуы тиіс.

Борышкер міндеттемені орындауды немесе өндіріп алушының берешектерін бұзуды даулаған кезде, нотариустың атқарушылық жазба жасауға құқығы жоқ және өндіріп алушыға дауды шешу үшін сотқа жүгіну құқығын түсіндіруге тиіс.

03.02.2019 жылдан  бастап заңға енгізілген өзгерістермен өсімпұл мен айыппұлды және пайыздарды өндіріп алу туралы талаптар бойынша атқару жазбасын жасау құқығы алынып тасталды, өйткені мұндай талаптар борышкердің шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілік шарасы болып табылады. Жауапкершілік-бұл кінәні анықтау, бағалау және соттың ҚР АК 297-бабына сәйкес азайту мүмкіндігі мәселесі қарастыруы мүмкін, ал нотариустың мұндай өкілеттіктері жоқ.

Атқару жазбасын жасаудан бас тарту негіздері мен тәртібі Заңның 48 бабының 1 тармағында көзделген.

Егер аталған Заң нормасында көзделген жағдайлар орын алса, онда нотариус әрекет жасаудан бас тартуға міндетті.

Тәжірбиеде, егер мұндай іс-әрекетті жасау заңнамаға қайшы келсе және егер өндіріп алушы ұсынған құжаттар заңнама талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, Заңның 48-бабы 1-тармағының 1) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіз бойынша атқару жазбасын жасаудан бас тартылады, бұл туралы тиісті қаулы шығарылады (көрсетілген баптың 2-тармағы).

Нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартқан жағдайда өтініш білдірушінің сотқа шағымдануға құқығы бар.

Қызылорда облысы бойынша нотариустардың атқарушылық  жазбаларын жасаудан бас тартуы бойынша сотқа талап арыз беру фактілері анықталған жоқ.

Атқарушылық жазбабойынша өндіріп алу тәртібі, оны орындауға ұсыну мерзімдері жалпы ережелер бойынша атқарушылық жазба оны жасаған күннен бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін.

Жеткізу жөніндегі шығыстарды өндіріп алушы дербес төлейді, өйткені атқару жазбасының көшірмесін борышкерге жіберудің қандай да бір тәсілін таңдау өндіріп алушының қалауына байланысты болады.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес өткен жылдың 03 ақпанынан бастап атқару жазбасының көшірмесін борышкерге нотриуспен жіберу тәртібі нақтыланды.

Атқару жазбасының көшірмесін қабылдаудан бас тартқан кезде тұлға тиісті түрде хабарланған болып есептеледі. Мұндай жағдайларда атқару жазбасын беруге кедергі жоқ.

Заңның 92-6-бабының 2-тармағына сәйкес борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде нотариусқа хабарлай отырып, мәлімделген талапқа қарсы қарсылықтарды жазбаша түрде жіберуге құқылы.

Ереженің 230-тармағына сәйкес борышкердің қарсылығы нотариусқа жеке беріледі немесе хабарламамен жіберіледі және кіріс құжаттарын тіркеу журналында тіркеледі.

Іс жүргізу мерзімдерін есептеу тәртібін ескере отырып, 10 күндік мерзім атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен кейінгі күннен бастап есептеледі.

Көрсетілген норманың бірінші бөлігінде, егер борышкерден белгіленген мерзімде мәлімделген талапқа қарсылық түссе, Нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жою міндеті көзделген.

Заңның 92-8-баптарына сәйкес нотариус мәлімделген талапқа қарсы қарсылық алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының күшін жою туралы қаулы шығарады.

Заңның 92-8-бабының 2-тармағына сәйкес атқару жазбасының немесе тиісті қаулының күшін жою туралы қаулының көшірмесі олар шығарылғаннан кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей өндіріп алушыға тапсырылуға немесе жіберілуге тиіс. Осы баптың 2-тармағында атқарушылық жазбаның немесе тиісті қаулының күшін жою туралы қаулы даулауға жатпайды деп көзделген.

Атқару жазбасының күші жойылған кезде нотариусқа оны жасағаны үшін төленген сома қайтаруға жатпайды.

Департаментке нотариустармен жасалған атқарушылық жазбаларының дұрыс еместігі туралы 2016-2017-2019 жылдары жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан шағымдану фактілері орын алған жоқ, 2018-1 шағым түсті, 2020 жылы 2 шағым түскен, аталған шағымдар негізсіз болып танылған.

Сот шешімдерін зерделеу барысында нотариустармен куәландырған атқарушылық жазбаларды жарамсыз деп тану туралы 2019 жылы сотпен 3 шешім шығарылғандығы анықталды.

Алайда аталған сот шешімдерінде нотариустардың кінәсі анықталмаған.

2019 жылы Республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен Республикалық нотариаттық палата БНАЖ мен «Атқарушылық іс жүргізу органдары» ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстарын жүргізді. 2019 жылдың 1 қарашасында интеграция республика бойынша өндірістік пайдалануға берілді.

А.Қосбергенова,

Қызылорда облысының әділет департаментінің бөлім басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<