Атқарушылық іс қалай жүргізіледі?

1236

0

Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы заңына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу – борышкерден атқарушылық санкциясын, атқарушылық іс жүргізу бойынша өсімпұлды және шығыстарды өндіріп ала отырып, атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындату болып табылады.  Ол – соттың нормативтік актілерін және басқа да органдардың актілерін мәжбүрлеп орындату мақсаты болып табылатын азаматтық іс жүргізудің сатысы.

Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушылардың құрамында атқарушылық іс жүргізудің тараптары (өндіріп алушы және борышкер), атқарушылық іс жүргізу тараптарының өкілдері, сот приставы; атқарушылық құжатта қамтылған талаптарды орындауға жәрдемдесетін өзге де адамдар (оның ішінде ішкі істер органдарының және өзге де мемлекеттік органдардың қызметкерлері, аудармашы, куәгерлер, маман, сот орындаушысы тыйым салынған мүлікті күзетуге немесе сақтауға берген адам) бар. Іс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекет жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрiн айтуға, дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы.

Мерзімді өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттарды қоспағанда, сондай-ақ заңнамалық актілермен орындаудың өзгеше мерзімдері белгiленгеннен басқа жағдайларда, атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушыларының орындауы атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.

 Құрылысты бұзумен, технологиялық операцияларды жүргiзумен байланысты атқарушылық құжаттар бойынша, сондай-ақ мамандарды тарта отырып мүлiктi бағалауды, сараптама жүргiзудi, борышкердiң мүлкiн сатуды, iздестiрудi талап ететiн мүлiктiк өндiрiп алу туралы атқарушылық құжаттар бойынша орындау төрт айдан аспайтындай мерзiмде аяқталуға тиiс.

Сот жүйесі жұмысының тиімділігі көп жағдайда сот орындаушыларына, олардың өз жұмысын Қазақстан Республикасы заңдылықтарына сәйкес мүлтіксіз жүргізілуіне байланысты. Себебі, сенімді атқарушылық іс жүргізу жүйесін қалыптастыру сот билігінің беделін арттырудың негізгі белгісі. Сондықтан, бұзылған құқық пен заңды мүдделерді қорғауды толығымен қалпына келтіру – сот актісінің шығып, оның заңды күшіне енуі ғана емес, оның уақытында орындалуында. Сот актілері орындалғаннан кейін ғана біз азаматтардың, мемлекеттің және заңды тұлғалардың бұзылған яғни даулы құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделері қалпына келеді.

А.Абдуллаева,

Қызылорда облысының Әділет департаментінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<