Қазалы ауданында жер кезегінде тұрған тұрғындар көбейген. Аудан орталығынан көлемі 600 гектар жерге салынатын тұрғын үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы әзірленген. Бұған қосымша баспана кезегін азайту үшін Ғ.Мұратбаев атындағы ауылдан ашылған аймаққа салынатын тұрғын үйлерді ауызсу, газ және электрмен жабдықтауға 251 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі көлемі 180 гектар болатын учаскедегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін тарту құрылысы басталмақ. Бұл үшін бюджет есебінен 110,2 миллион теңге қаралған.
Жылды қорытындылаған Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, алдағы жоспарларын бөлісті.
– Қазалыда былтыр 20,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Басым бөлігі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Аудан бюджеті 22,6 млрд теңгеге жетіп, өз кірістеріміз 2,1 млрд теңгені құрады. Өздеріңізге белгілі, бюджетті ұлғайтудың бірден-бір көзі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Бүгінде ауданда кәсіпкерлердің саны – 6121. Ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 9366 адамды құрады. Өткен жылы жаңадан 25 кәсіпкерлік нысан бой көтерді. Сондай-ақ 382 жоба бойынша 4,3 млрд теңге несие беріліп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетілді. Өз кәсіпкерлеріміз 7,5 млрд теңгенің өнімін өндірсе, күнделікті сауда-саттықтың нәтижесінде бөлшек сауда айналымы 10,7 млрд теңгені құрап отыр, – дейді аудан әкімі.
Былтыр Қазалы 17402 гектар жерге түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын екті. Оның ішінде күріштің көлемі – 6361 гектар. Су тапшылығына байланысты негізгі дақыл – Сыр салысы көлемін аудан диқандары біршама қысқартқан. Оның орнына суды аз қажет егетін дақылдарға мән берілді. Сондай-ақ су жетпей қалу қаупінің алдын алу үшін 6 көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөнделген. Нәтижесінде қазалылық еңбеккерлер қамбаға 21 мың тонна Сыр салысын құйып, Қазалы ауданы «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы үздік аудан» атанды.
Былтыр 21,2 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Ауданнан Ресей, Беларусь, Дания, Германия, Тәжікстан, Қытай, Нидерланды елдеріне 3374,3 тонна күріш, 900 тоннаға жуық балық, 711,1 тонна қамыс экспортталған.
Былтыр Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылдары табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта Абай ауылын газдандыру жоспарлануда. Тиісті жоба-сметалық құжаттары әзірленген. Сонымен қатар, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылына «көгілдір отын» жеткізілмек. Жоба-сметалық құжаттары жеке кәсіпкердің демеушілігімен әзірленіп, сараптамадан өтіпті. Айта кетейік, ауданды газбен қамту 63,2 пайызды құрап отыр.
– Жол жөндеу бағытында көп еңбек атқарылуда. Мысалы, былтыр 75 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бойынша 7 жоба қолға алынған. Бұл үшін бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді. Ал жұрт күтіп жүрген Әйтеке би мен Қазалы қаласы арасындағы 7 шақырымдық төрт жолақты жол биыл толық аяқталады. Сондай-ақ биыл аудандық маңыздағы 4 автомобиль жолы жөндеуден өткізілмек. Олар – Ғ.Мұратбаев ауылына кіреберіс жолы, «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей», «Қожабақы-Бекарыстан би», «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автожолдары. Бұл үшін бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді, – дейді аудан әкімі.
Қуанышты жаңалықтың бірі, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан орталығынан 600 және Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп бой көтермек. Ал денсаулық саласы бойынша былтыр Әйтеке би кентінен ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ аудан орталығынан шалғай орналасқан Жұбан мен Жалпақ елді мекенінде медициналық бекет ашылды. Алдағы уақытта Бозкөл, Абай, Кәукей ауылдарынан дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.
– Ауданда спорт алаңдары көптеп салынуда. Өткен жылдың өзінде 6 алаң, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені салынды. Биыл Ү.Түктібаев ауылындағы спорт кешені пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Жалаңтөс батыр, Бекарыстан би және Ғ.Мұратбаев ауылынан да осындай спорт кешені құрылысын салу жоспарлануда, – дейді аудан басшысы.
Биыл Әйтеке би кентінен 600 орындық мәдениет үйі мен Кәукей ауылынан 100 орындық клуб пайдалануға беріледі. Қосымша Бірлік, Майдакөл, Шәкен ауылдарынан 100 орындық клуб құрылысын салу үшін тиісті құжаттар әзірленген. Сондай-ақ былтыр алғаш рет аудан орталығы мен Қазалы қаласынан екі бірдей «Жастар үйі» ашылғанын айта кету керек.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<