Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді саралады

451

0

Фото: Қала әкімдігі

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек брифинг берді.Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 26 762 отбасы кезекке тіркелген. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою «Kezekte.kz» ақпараттық жүйелер платформасындағы «Shanyraq» ақпараттық қызметінде жүзеге асырылады.

– Өткен жылы тұрғын үй кезек реттілігіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 681 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Олардың бірқатары басқа қалаға мекенжайы ауысуына байланысты болса, бірқатар азаматтың меншігінде тұрғын үй болуына және азаматтың статусының жойылуына байланысты кезектен шығарылды, – деді бөлім басшысы Абзал Рысбек.

Арендалық тұрғынжайдан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 2-5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жұмыстары жалғасын тауып, өткен жылы СПМК-70 тұрғын ауданынан 500 пәтерлік 10 үй ипотекалық тұрғын үй төлем қабілеті бар азаматтарға берілді. Конкурсқа қатысуға өтініштер «Отбасы банк» АҚ арқылы қабылданды.

– Қазіргі таңда, тұрғын үй алу кезегіне апаттық үйлер санаты бойынша 635 отбасы тіркелген. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға 2021 жылы Сол жағалау шағын ауданында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерден 93 отбасына, 2022 жылы 60 отбасыға, 2023 жылдың наурызында 40 отбасыға жаңа пәтер табысталды. Ал биыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан 2007-2008 жылдары кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына арендалық пәтерлер беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, ҚР “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі, – деді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек, тұрғынжайды жалдау ақысы субсидиялау бағдарламасының шарттарына сәйкес келетін азаматтар otbasybank.kz платформасы арқылы өтінім бере алады. Жалдау төлемдері бойынша субсидия алуға төрт санат бойынша (І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көп балалы отбасылар) кезекте тұрған азаматтар үміткер бола алады. Бағдарламаның ерекшелігі, жалдамалы баспананы азаматтар өздері таңдайды және 50%-ы мемлекеттік субсидиялармен қамтылатын болады, ал қалған 50%-ын алушы өзі төлейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<