Аурушаңдық төмендеп келеді

389

0

24-наурыз дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай өңірде «Өзіңді туберкулезден қорға!» айлығы жарияланған болатын. Айлық аясында журналистерге баспасөз туры ұйымдастырылды. Шарада облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзім БАҚ өкілдерін емдеу мекемесіндегі жаңалықпен таныстырып, бүгінде аурушаңдық азайып келе жатқанын айтты.

Туберкулезбен ауыратындар санының жыл сайын төмендеуіне емдеу мекемелерінің соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы және арнайы жол карта­сының қабылдануы оң әсерін тигізді.

Бас дәрігердің айтуынша, өткен жылы өңірімізде туберкулез ауруына күдіктілерді экспресс молекулярлық-генетикалық Джейн-эксперт әдісімен тексеру тәжірибеге енгізілген. Мұның тиімділігі аурушаңдылық бар-жоғы екі сағат ішінде анықталады. Бұл әдіс қазір облыстық диспансерде және Қазалы ауданындағы стационарлық бөлімде жүзеге асуда. Алдағы уа­қыт­та Джейн-эксперт арқылы тек­серуді 100 процентке жеткізу жоспарлануда.

Биылғы жылы іске қосылған «Bioneer» аппараты 3,5 сағат ішінде науқастың дәріге сезімталдығын анықтауға мүмкіндік туғызуда. Бір сөзбен айтқанда, жаңа технология аурушаңдықты уақыт жоғалтпай тез анықтауға және тезірек ем жүргізу үшін тиімді.

Денсаулық саласындағы тағы бір жағымды жаңалық – биылдан бастап туберкулездің жұқпайтын түрлерін амбулаториялық жағдайда емдеу қолға алынған. Алдағы уақытта аурудың бұл түрін 100 процент үйден емдеу жүзеге асырылмақ. Бұл науқастың психологиясына да оң әсерін тигізбек.  Айта кетелік, 2014 жылдан бері өңірде қабылданған «Жол картасына»  сәйкес науқастарға психоәлеуметтік көмек көрсетілуде. Анығын айтқанда, амбулаториялық ем алатын әрбір науқасқа ай сайын 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек беріледі. Осының нәтижесінде емнен жалтарған науқас­тар саны 39-дан 16-ға азайған. Бір атап айтарлығы, емнен бас тартқан жағдайда көмек те бірден тоқтайды.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруды ерте сатысында анықтаған жағдайда үйден ем алып, жұмыстан қалмауға да болады. Тіпті, емханаға бармай-ақ дәрігермен скайп арқылы байланысуға мүмкіндік бар.

Флюротека бағдарламасының іске қосылуы да – сала­дағы өзгерістің бірі. Облыс бойынша флюроға түскен тұрғындардың денсаулығы туралы ақпарат облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің базасына түсіп отырады. Бұл аурушаңдық белгілерін ерте анықтаудың тағы бір мүмкіндігі.

Өткен жыл қорытындысы бойынша аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 59,2-ден 53,6-ға төмендеуі аурудың алдын алу мақсатында жасалған жұмыс нәтижесі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<