Бүкіл әлем бойынша қарашаның әрбір үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні өтеді. Бұл дата БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясымен бекітілген. Осыған орай, облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен қараша айының 12-18 күндері аралығында «Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» кең ауқымды акциясы өтті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл акцияның мақсаты – жол-көлік оқиғасында көз жұмғандарды еске алу және ауыр қазаға ұшыраған отбасылардың қайғысына ортақтасу, өзара сыйластық, жолда қауіпсіздік ережесін сақтау, жүргізушілердің мәдениетін арттыру тұрғысынан жол қозғалысы қатысушыларының санасын өзгертуде әлеуетті қоғамдық қолдау көрсету.
«Жол жүрісі қауіпсіздігі апталығы» акциясы аясында жол-көлік оқиғасында зардап шеккен темір тұлпарлардың қалдықтарын тиеген автоэвакуаторлардан және қара түсті жеңіл автокөліктерден құралған автокеруен қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Автокеруен кезінде жол сақшылары дыбыс күшейткіш құралдары арқылы жол-көлік апатының құрбандары жайлы статистикалық мәліметтерді айтып, жолда жүру ережесін қатаң сақтауға шақырды. Шара соңында «Тағзым» алаңында қозғалыстың жас инспекторлары жол-көлік апатының құрбандарын еске алу мақсатында ақ-қара шарларды аспанға ұшыру рәсімін өткізді.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<