Ауыр қылмыстың жазасы да ауыр

305

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында кейбір заңнамалық актіге өзгеріс пен толықтыру енді. Кеше БАҚ өкілдерін бұл жаңашылдықтармен облыстық сот судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова, қалалық мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Ысқақова мен қалалық №2 сот судьясы Күмісбай Құсекеев таныстырды.

Заң талабы жылдан жылға күшейіп келеді. Мәселен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқтал­сақ, бұрын жүргізушіге кө­лік­ті масаң күйде жүргізгені үшін тек 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленетін. Ендігі өзгеріске сай ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылады.

–  Мас күйінде көлік жүр­гізу жайы күн тәртібінен түскен емес. Президент бұл мәселеде жауапкершілікті күшейтуді тапсырып, заң бұзушыларды абақтыға отырғызып, айып­пұл салып, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айы­ру қажеттігін алға тартты. Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі екен. Салдары сан соқтырады. Сондықтан да жаза күшейіп отыр. Қазір автокөлік иесі жол ережесін бұзғанда қандай деңгейде мас болды деген заңда ешқандай айырма көрсетілмейді. Қаннан алкоголь табылса, онда ол бірден ауыр қылмыс санатына жатқызылады, ҚК 345-1 бабы бойынша  татуласуға мүмкіндік берілмейді, – деді Ш.Маликова.

Жиын барысында қалалық №2 сот судьясы Күмісбай Құсекеев есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және бас­қа да ауыр қылмыстарға, әсі­ре­се, балаларға қатысты қыл­мыстарға жазаның кү­шейтілгенін жеткізді. Мал ұр­лығы  үшін Қылмыстық Кодекске арнайы бап енгізіліп, бел­гіленетін жаза түрінің қа­таңдатылғанын да баяндады.

– Қылмыстық кодекстің 188-1-бабы енгізілді, онда мал ұрлығы үшін жазаның ең ұзақ мерзімі – 12 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру қарастырылған, яғни, мал ұрлығы ауыр қылмыстар қа­тарына ауыстырылды. Қайта­ланған қылмыстар үшін татуласу болмайды, – деді спикер.

Мәліметтерге сүйенсек, ел тұрғындарының 42 проценті ауыл-аймақтарда тұра­тын­дық­тан, олардың негізгі кәсібі мал шаруашылығымен байланысты. Ал, төрт түлікке қол сұғу оларды  күнкөріс көзінен айырумен бірдей. Бұл өзгеріс осыған тосқауыл болмақ.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<