Көлігіңіздегі нөмірдің пайда болуы туралы білесіз бе? Осыдан 118 жыл бұрын, яғни 1901 жылдың 25 сәуірі күні АҚШ-тың Нью-Йорк штатында алғашқы ресми автокөлік нөмірлері беріле бастаған. Көлік иелеріне аты-жөндерін, мекен-жайлары мен көлігінің түр-сипатын жазып тіркеу, ол үшін 1 доллар төлеу міндеттелді. Содан кейін көлік иесінің аты-жөнінің бас әріптері жазылған тақтайша таратылды. Бір жылдың ішінде 954 нөмір берілген.
Ол кездің нөмірлері ауыр әрі ыңғайсыз болды. Белгіні көлікке орнату үшін асқан шеберлік керек еді. Өйткені ол көліктерде нөмір қыстыратын арнайы орын белгіленбеген болатын. Сондықтан артқы және алдыңғы рессорға былғары ременьмен байлауды ұсынды. Бірақ бұл тақтайшадағы жазуды көру мүмкін емес еді.
Ал Ресейде революцияға дейін тасымалмен айналысатындар осы жұмысты атқаруға рұқсаты мен салық төлегенін растайтын арнайы бирка тағатын. Бұл биркалар алдымен көшірдің киіміне, кейін арбаға тағылатын болған.
1931 жылы Кеңес Одағында автокөлік нөмірлерінің бірыңғай стандарты бекітіліп, ақ фонға қарамен 4 цифр және 1 әріп жазылатын болды. Үш жылдан кейін тағы өзгерді. Бұл үлгі де ұзаққа шыдамады. Соғыстан кейін тағы бір мәрте өзгеріп, тек 1959 жылы бекіген үлгіні автокөлік иелері сексенінші жылдарға дейін тұтынды.
Қазіргі тіркеу нөмірлерінің пайда болуы сол кезеңге, яғни 80-жылдарға тиесілі. Нөмірлер жекеге және мемлекеттікке, арнаулы автокөліктерге бөлек берілетін болды. Бүгінде бұған қатысты ережелер өзгерген. Нөмірлерді өмірлік етіп алуға болады.
Елімізде 1993 жылдан бастап аймақ кодтары латын әріптерімен белгіленді. Қолданыста жүрген соңғы үлгідегі нөмірлер 2012 жылдан бері беріліп келеді. Ерекшелігі – сол жағына еліміздің Туы және КZ индексі, 2 цифрдан тұратын аймақ коды көрсетілетін болды.
М.МЕРЕЙ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<