Бір-екі күндікте бірқатар ақпарат құралдары Қазақстанға жақын шет мемлекеттерден автокөлік әкелу шектеледі деген ақпарат таратты. Бұл Үкімет басшысының депутаттық сауалға жауабы негізінде жарияланған ақпарат еді. Әйтсе де күні кеше ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Бүгінгі таңда шетелдік көлік құралдарын заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған және басқа да автомобильдерді пайдалану фактілері анықталып жатыр. Мәселен, өткен жылы ғана басқа елдердің құқық қорғау органдары мен салыстыру қорытындысы бойынша Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан астам автомобильдің банк тарапынан және заң бойынша шектеулері болғаны анықталды. Сонымен қатар, 600-ден астам көлік елге әкелу кезінде ЕАЭО-ға мүше елдердің құқық қорғау органдарының іздестіруінде болып шықты. Осыған байланысты Қазақстанға «проблемалық» автокөлік әкелінуінің алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері (уақытша ережелерді қоса алғанда) әзірленіп жатыр. Онда мұндай автомобильдер бойынша бақылауды күшейту тетіктері, тіпті оларды елге әкелуді шектеуге дейін көзделетін болады. Бұл ретте аталған шаралар Қазақстан Республикасының аумағына заңнаманы бұзбай әкелінген және пайдаланылатын шет мемлекеттерде тіркелген автомобильдерге қатысты қолданылмайды», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, Үкімет ел аумағына шетелдік автомобильдерді әкелуді шектейтін тетіктер әзірлеп жатыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<