Аудан әкімі мектептерді аралады

836

0

2021 жылдың 1 наурызында карантиндік шектеу шаралары бойынша Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №3 қаулысы шықты.

Онда 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап оқушылар саны 300-ге дейін контингенті бар, сыныптардағы балалар саны 15-ке дейін болатын қалалық және ауылдық мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға және 2021 жылғы 1 наурыздан бастап жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 1-ден 7-сыныпқа дейін қоса алғанда аралас оқытуға рұқсат етілді.

Сондай-ақ, оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтықтан оқытуға рұқсат берілді.

Бұл ретте, білім ошақтарында сақтық шаралары үнемі назарда болуы тиіс. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Тереңөзек кентіндегі мектептерді аралап, санитарлық талаптардың сақталуына мән берді.

Аудан басшысы карантиндік талаптар жеңілдегенімен, мұның үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап көрсетті.


– Қазір жағдай қалыпты болғанымен бізге босаңсуға болмайды. Әсіресе, еліміздің болашағы саналатын жасөспірімдердің денсаулығына барлығымыз жауаптымыз. Сондықтан білім беру процесінің барлық қатысушылары санитариялық талаптарды қатаң сақтауы қажет. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бетперде тағып, арақашықтықты назардан шығармағаны жөн. Білім қызметкерлері мен оқушылар жеке гигиена ережелерін сақтау арқылы қауіпсіздікті сақтайды, – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Білім мекемелерін аралаған аудан басшысы карантиндік талаптарды үнемі назарда ұстауды тиісті сала басшысына тапсырды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<