Аудан әкімі қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті

990

0

Кеше Арал аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан әкімі С.Сермағамбетов жаңадан жасақталған кеңес мүшелерімен кездесті.

Кеңес отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы А.Жоланов жүргізіп, алдымен кеңес мүшелерін таныстырып өтті.

Одан соң аудан әкімі сөз алып: -«Қоғамдық кеңес мүшесі болу бұл жәй ғана мәртебе емес, бұқара мен билік арасын жалғаушы ретінде жұмыс жасау үшін жүктелген үлкен жауапкершілік. Жыл басында мемлекет басшысының бастамасымен Қоғамдық кеңестер туралы Заңға біршама өзгерістер енгізіліп, кеңес мүшелерінің құзыреттері біршама кеңейтілді. Аталған Заңда азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру мәселелері көзделген. Біздің де аудандық қоғамдық кеңестің құрамының көпшілігі азаматтық қоғам өкілдерінен құралған. Қазіргі құрамда жергілікті атқарушы органнан қоғам өкілдерімен тұрақты байланыс жасайтын әлеуметтік салаға жауапты орынбасарым мен кәсіпкерлік саласына жауапты бөлім басшысы ғана сайланды. Ал кеңестің қалған мүшелері әртүрлі саланың өкілдерінен құралған. Бұл да болса, қоғамның ілгері дамуы мен демократияға бағытталып жасалған маңызды қадам деп санаймын. Халық сіздерге зор сенім артады. Елге жанашыр азамат ретінде кеңес мүшесіне сайланған өздеріңізбен бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз»-деді.

Бұдан бөлек өткен жылы өңірде атқарылған ауқымды істер мен жүзеге асырылған жобаларға тоқталып өтті. Ауданда республикада тұңғыш рет Арал қаласы әкімінің сайлауы мен ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өз деңгейінде өткізілгенін тілге тиек етті. Негізгі жұмыстардың басым бөлігі пандемиямен күреске және қуаңшылықты еңсеруге бағытталғанын айтып, өңірдегі құрғақшылыққа байланысты жарияланған төтенше жағдай режиміндегі су ұңғымалары мен каналдарды қазу сынды жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып жатқанын жеткізді. Мал азығы мен азық-түлік өнімдерін әзірлеу мақсатында егістік көлемін ұлғайту үшін алдағы үш жылға арналған Жол картасы әзірленгенін жеткізді. Сонымен бірге Сырдария өзені арқылы түсетін су деңгейін тұрақты бақылауда ұстау, шабындық, жайылымдық, егістік алқаптарды суландыру бағытындағы жұмыстарды және тіршілігі теңізбен байланысты жергілікті халық үшін маңызы зор «САРАТС» жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан нақты қадамдар жасалып жатқанын айтып, қаржыландыру мәселесі күтілуде екендігін түсіндірді.

Мұнан соң аудандағы барлық саладағы жетістіктерге жеке-жеке тоқталып, қоғамдық кеңес мүшелеріне атқарылып жатқан жұмыстардың бағытын халыққа дұрыс жағынан түсіндіру қажеттігін айтты. Сөз соңында елімізде өтетін референдумның маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың науқанға бірауыздан қатысуына атсалысуға шақырды.

Жиын барысында кеңес мүшелері де өздерінің ұсыныс-пікірлері мен талап тілектерін ортаға салды.

Атап айтар болсақ Сексеуіл кентіне қатысты жарықтандыру, ашық спорт алаңын салу үшін жер телімін рәсімдеу, электр бағаналарын ауыстыру, және жедел жәрдем көлігіне қатысты бірқатар мәселелер ұсынылды.

Аудан әкімі қойылған сауалдарға тиісінше жауап беріп, айтылған барлық мәселелер бақылауға алынып, оң шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетінін білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<