Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғ.Мұратбаев және «Майлыбас» ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы жұмыс жоспарын таныстырды.
Мұнан бөлек Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары «Балдәурен» балабақшасын жөндеу, «Ақарық» каналын тазалау, бұлақ қазу, елді мекенге қатынайтын қоғамдық көлікті Әйтеке би кентіндегі аудандық емханаға дейін апару, шеткі көшелерге электр желілерін тартып, бағаналар орнату сияқты ұсыныстарын айтты.
Ал, ақсуаттық ағайындар елді мекендегі 2 көшені жарықтандыру, Байқожа елді мекеніндегі негізгі мектепті орта білім беруге бейімдеу және тағы басқа мәселелер жөнінде ұсыныс білдірді.
Тұрғындардың көтерген мәселесіне байланысты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жауап беріп, айтылған ұсыныстардың барлығын рет-ретімен шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін тілге тиек етті.
Тұрғындармен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудандық прокуратураның прокуроры Дінмұхаммед Жұбаназар, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғанибек Құрманалиев, аудандық мәслихат депутаты Әбдуәли Рахметов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Ақсуат ауылына сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Тұрғындармен кездесуден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ақсуат ауылында жаңадан салынған әкімдік ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, халықтың қуанышына ортақтасты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<