Сексеуілдің өніміне сұраныс жоғары
Сексеуіл кентінде өндірілген түйе сүті мен шұбат Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласы және Ақтөбе облысына жөнелтілуде. Сапасы жоғары табиғи өнімге сұраныс жоғары.
Сексеуіл кентіндегі кәсіпкерлік саласында оң серпін байқалады. Қазіргі таңда кентте 486 кәсіпкер бар. Соның бірі – Дәулет Шымкенов. Былтырдан бастап осы кәсіпті дөңгелентіп келеді. Жоба «Даму» қоры арқылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау тауып, цех жұмысы сәтті жүре бастады. Алдағы уақытта кәсіпкер шағын цехты ұлғайтып, түйе сүтінен шоколад жасауды жоспарлап отыр.
Актив отырысы
Аудан әкімдігінде актив отырысы өтті. Оған дербес бөлім және мекеме-кәсіпорын басшылары, Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы әкімдері қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалар мен жүктелген міндеттерді орындау мәселелері талқыланды.
Мәжіліс барысында мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына қала, кент әкімдерімен бірлесіп, баға тұрақтылығын сақтау, көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатындағы профилактикалық шараларды тұрақты ұйымдастырып отыру жүктелді.
Спорт кешені тамызда беріледі
Кенттегі бұқаралық-көпшілік спортты дамыту үшін салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын мердігер мекеме «Сапақ» ӨК жүргізуде. Тапсырыс беруші – аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі. «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС – техникалық қадағалаушы. Құрылыс жұмыстары былтыр қазан айында басталған.
– Қазір құрылыс жұмыстарына 25 адам тартылған. Барлығы дерлік осы ауданның жігіттері. Құрылыс тамыздың соңына дейін толық аяқталады, – дейді «Сапақ» ӨК басшысы Бекболат Есанов.
«Еңбек түбі – береке»
Егін егу маусымы басталар алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған еді.
Нәтижесінде, Ақсу ауылдық округіне қарасты «Бостай», «Ақ бостай» учаскелерінен 12 гектар жер дайындалып, 87 адамға үлестіріліп берілген болатын.
Аудан әкімі Асқарбек Есжанов егістік алқабына барып, бау-бақша дақылдарын баптау жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, бақша дақылдарын егумен айналысатын кент тұрғынымен кездесіп, пікірлесті.
Кіші футболдан турнир
Аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі мен Сырдария аудандық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен қазақ күресінен спорт шеберіне үміткер Сабыржан Жұртшыбаевты еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті.
Жарысқа 6 команда, 72-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша 1-орынды №12 Өрт сөндіру бөлімі жеңіп алса, 2-орын аудандық аурухана командасына бұйырды, ал 3-орынды 1993 жылғылар командасы қанағат тұтты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Сырдария аудандық денешынықтыру және спорт бөлімі кубок, медаль және Алғыс хаттармен марапаттады.
Жарық шамдары жаңартылуда
Ауданда көше жарықтарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Көп көшелерге бұрынғыдан үнемді әрі қуаты жоғары болатын светодиодты шамдар орнатылуда.
Қазіргі таңда Ж.Аймауытов көшесіндегі 16 дана, Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі 20 дана, Н.Бекежанов көшесіндегі 18 дана, Жайлыбаев көшесіндегі 42 дана, одан бөлек тағы 48 дана түнгі жарық шамы ауыстырылды. Алдағы уақытқа тағы басқа көшелер жоспарға қойылған.
Жас келіндер байқауы
Ауданда «Әдепті келін – әдемі» жас келіндер байқауы өтті. Кент, ауылдық округтерден жас келіндер бақ сынасты.
Байқаудың ережесі бойынша қатысушылар «Таныстыру», өз өнерлерін көрсету, сұрақ-жауап кезеңі және салт-дәстүр бойынша білімдерін ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша І орын жайылмалық Тұрсынай Мағауияқызына бұйырды. ІІ орынды Сүттіқұдық ауылынан келген Асылзат Мұстафаева иеленсе, ІІІ орынды кент тұрғыны Айнұр Мәден қанағат тұтты. Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Дайындаған:
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<