Аудан жаңалықтары

337

0

Бақшадағы береке

Атанши ауылдық округінде жеке кәсіпкер Елтай Төреханов 10 гектар жерге бақша және көкөніс дақылдарын екті. Оның 8 гектары қауын-қарбыз, бақша өнімдері, 2 гектарына қияр, көкөніс егілген. Тағы 4 гектарға қажетті құрылғы Ресейден жеткізілген соң 45 күндік қияр егуді жоспарлап отыр.

Кәсіпкер егіс алқабын «Қайнар» және «Аққұдық» су ұңғымаларынан тамшылатып суаруда. Бүгінгі күні бақша дақылдары өнім беріп жатыр. Піскен өнімдер аудан орталығында сатылып, халық игілігіне ұсынылып келеді.

Жасөспірімдер қауіпсіздігі

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеуімбетовтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның кезекті отырысы өткізілді.

Жиында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, олардың құқықтарының қорғалуы ұдайы назарда болуы керектігі айтылды. Нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетовке жастар арасында топтық төбелестің көбейіп тұрғанын айтып, бұл бағытта жұмыс жасауды тапсырды.

Зиянкестерге қарсы өңдеу

Биыл аудан бойынша 24,3 мың гектар жерге егіс егіліп, күтімге алынған. Осыған сәйкес маусым айында фитосанитариялық шаралар жүргізуге аудан әкімдігі мен аумақтық инспекцияның аудандық филиалы мамандары бірлесіп, жұмыс тобы құрылды.

Нәтижесінде жұмыс тобы 21,05 мың гектар егіс алқабына, 3,25 мың гектар мемлекеттік жер қорына мониторинг жүргізіп, саяқ шегіртке зиянкестерімен залалданған 3500 гектар алқап химиялық өңделді. Мердігер мекеме – «Авиакомпания Дельта-Юг» ЖШС.

Балық аулаудан жарыс

Аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Бұқарбай батыр ауылдық округіне қарасты «Асар» көлінде балық аулау жарысы өтті.

2014 жылдан бері ардагерлер арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жарысты аудан әкімі Асқарбек Есжанов ашып, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып жүрген қазыналы қарттарға алғысын жеткізді. Жарысқа кент және ауылдық округтерден 40 ардагер қатысты. Жарыс соңында жеңімпаздарға қоғамдық бірлестіктің арнайы дипломдары, қаржылай сыйлықтары табысталды.

Жол белгілері орнатылуда

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі халықтың көп шоғырланатын жерлеріне, оның ішінде мектептердің жанына тиісті жол белгілерін орнатуда.

Жоспарға сәйкес барлығы 60 дана жол белгісі орнатылып, бағаналарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, Тереңөзек кентіндегі орталық көшелерге жолүсті таңбалары сызылатын болады.

Судан қалдырмау мәселесі талқыланды

Аудан әкімі Нұржан Ахатов Жаңа Шиелі магистралды каналының 85 пикетіне барып, сала басшыларымен бірге биік жерлерді судан қалдырмау мәселесін талқылады.

Мамандар Шиелі ауданындағы биік жерлерге су жеткізу жұмыстары бойынша талдау жүргізіп, аудан әкімі алдағы атқарылатын шаруалар жайын пысықтады.

Рухани-танымдық экскурсия

Аудандық ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының қолдауымен, «Жастар одақтары» қоғамдық бірлестігі экскурсия ұйымдастырды.

Бұл жолғы экскурсияда Сырдария ауданының жастары Жаңақорғанда қонақта болып, тарихи орындарды көруге Жаңақорған жастарымен бірге сапарға аттанды. Бұл жастар арасындағы сабақтастықты арттырып, өзара байланыстың нығаюына себепші болары сөзсіз.

Алдымен олар «Ақтас мешіті» мен «Айқожа ишан» кесенесімен танысты. Одан соң Сауран қаласының орнына барды. Ежелгі қалашық Сығанақта қаланың тарихымен танысып, мол мағлұмат алды.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<